Вело-сапарын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнады

Вело-сапарын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнады

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жалпыұлттық жобасы аясында Жетісу өңірінің тумасы Алмат Балтабековтің Нұр-Сұлтан қаласынан Талдықорған қаласына дейінгі вело-сапары аяқталды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

А.Балтабеков үш мың шақырымды 34 күнде жүріп өткен. Оның елордадан келгенін туыстары, жерлестері, спорттағы әріптестері қуанышпен қарсы алды. Спортшы Нұр-Сұлтан қаласынан бастап, Қорғалжын, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Жетісай, Тараз, Алматы, Талдықорған қалалары мен елді мекендері арқылы 3000 шақырымды 34 артта қалдырған.

Алмат Балтабековтің айтуынша, ол бұрын жол тосып саяхаттаумен әуестенген. Кейін ішкі туризмді дамытуға және спортты насихаттауға бағытталған осындай патриоттық велотурға шығу туралы ой келген.

– Еліміздің өңірлерін аралаған кезде жергілікті тұрғындармен араласуға, табиғат тамашаларын көріп үлгеруге тырыстым. Ел тәуелсіздігінің отыз жылындағы жетістіктеріне куә болдым. Алған әсеріммен Instagram парақшасында бөлісіп отырдым. Мені халқымыздың қонақжайлығы тәнті етті. Қай жерге барсам да, бейтаныс адамдар мені құрметті қонағындай қарсы алды, – деді А.Балтабеков.

Астаналық жастардың атынан Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың жастарына символикалық статуэтканы сыйға тартып, көрсеткен қолдауы үшін басқармаға ризашылығын жеткізді.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, сапардың негізгі мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, ішкі туризм мен спортты дамыту. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында осындай патриоттық акцияларды қолдау ұрпақ тәрбиесіне қосылған сүбелі үлес болмақ.

Атап өтсек, Алмат Балтабеков І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін «Психология» мамандығы бойынша аяқтаған. Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығында студенттік тәжірибеден өткен. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Психикалық денсаулық орталығында жұмыс істейді.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях