Тіл – рухани жаңғыру тетігі

Тіл – рухани жаңғыру тетігі

Жазиралы Жетісудың төрі – Талдықорған қаласында еліміздің әр өңірінен келген білікті, білімді, шешен де жүйрік жастар бас қосты. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен облысымызда алғаш рет кең көлемде, республика деңгейінде «Тіл – рухани жаңғыру тетігі» атты пікірсайыс турнирі өткізілді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылдың 5 қазанында Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында келесі, яғни 2019 жылды Жастар жылы деп атауды ұсынды. Бұл – бір үйдің емес, бүтін бір елдің үміттеріне артылған сенім, көрсетілген қолдау. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы бәйгенің ашылу салтанатында қатысушыларға сәттілік тілей отырып: «Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзі білімнің баға жетпес үлкен рухани қару екендігін, сонымен қатар, аса зор өндіргіш күш екенін көрсетеді. Ал, бүгінгі күннің пікірсайысы – кешегі өткен халық даналығының, асыл қасиеттерінің қазіргі заманға сай жаңаланған бейнесі», – деді.

Республикалық жүйріктер додасына еліміздің әр өңірінен таңдаулы 20 команда бақ сынасты. Турнирге республика деңгейінде біліктіліктері мен тәжірибелері мол үздік ойыншылар төрелік етті. Сайыстың алғашқы күні «BPF», яғни Британдық парламент форматында пікір жарыстырған командалардың сегізі ширек финал ойындарына жолдама алды. Ал ширек финал, жартылай финал және ақтық сын APF (американдық парламент) форматында өтті.

Екі күнге созылған бәсекелі бәйгеде қатысушылар еліміздегі ең өзекті тақырыптар мен мәселелер жайында пікір жарыстырып қана қоймай, өзара тәжірибелерімен бөлісті. Доданың ақтық сынында 20 команданың ішінен суырылып шыққан 2 топ көпшілік алдында толғамды тұжырымдарымен бөлісті. Олар шешуші ойында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ағымдағы жылдың 5 қазанында жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Жастар жылында іске асыруға болатын жаңа жоба механизмін ұсынып, өз ойларын білдірді.

Сонымен, бәсекелі бәйгенің жабылу салтанатында барлық қатысушыларға Алғыс хаттары табысталды. Ширек финалда толғамды ой айтып, тартымды ойын көрсеткен командалар талпыныс номинациясы және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Өзгені өз ойының дұрыстығына сендіре алатын, басқа қатысушыларға мықты қарсылас бола білген «Жаһан бике» фракциясының спикері Аида Өтесін «Үздік спикер» аталымына ие болды.  Тартысты турнирдің нәтижесі бойынша 3 орын (80 000 тг.) Алматы қаласының намысын қорғаған «Интисар» командасының еншісіне тиді. Ал, 2 орынға (100 000 тг.) сүбелі ойды салиқалы сөзге айналдыра білетін  Шымкент қаласынан келген «Әлемдік танымал мырзалар» тобы ие болды. 1 орын және республикалық турнирдің бас жүлде кубогін (120 000 тг.) Тараз және Астана қаласының спикерлерінен құралған «Аспаннан үлкен» фракциясы қанжығалады.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях