Канн кинофестивалінің үздік актрисасы қазақстандық Самал Еслямова «Ника» кинофестивалінде үздік әйел ролі үшін марапатқа ие болды, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Самал Еслямова ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміндегі басты ролі үшін жүлде иеленді. «Айка» әлеуметтік драмасы Қырғызстаннан келген қыз жайында, ол Мәскеуде босанып, баласын перзентханада тастауға мәжбүр болады, картинада сол қыздың аналық сезімі мен қайғы-мұңын суреттейді.
– Мен Мәскеуге бара алмадым. Мен үшін жүлдені фильмнің екінші режиссері, актер Вячеслав Агашкин алды. «Айка» фильміндегі барлық әріптесіме тағы да рақмет айтамын, – дейді актриса.
Айта кетейік, Самал Еслямова 55-ші Анталия Халықаралық кинофестивалінің үздік актрисасы болған. Бұған дейін 2018 жылы мамырда 71-ші Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған болатын.