Рухани жарыстардың жастарға берері мол

Рухани жарыстардың жастарға берері мол

Оқушылар арасында болатын «Мақал – сөздің мәйегі» атты байқау енді студенттер арасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі

Мән-мағынаға толы қазақтың нақыл сөздерімен өскелең ұрпақтың санасын сусындатып, ұлтжанды, отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін ұлт мәдениетін жаңғыртатын байқаулардың болуы керек-ақ. Осы ретте ауданымызда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мақал – сөздің мәйегі» атты байқауды ерекше айтуға болады.

Жылына бір рет аудан көлемінде болатын аталмыш сөз жарысы оқушылар арасында өткен айдың ортасында жоғары деңгейде өткізілген еді. Енді міне, мақсаты айқын, даналық сөз арқылы дәріптелетін «Мақал – сөздің мәйегі» байқауы кеше тағы да жастар арасында насихатталды. Нақты айтар болсақ, «Nur Otan» партиясына биыл 20 жыл толуына байланысты және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында аудандық колледж студенттері мен белсенді жастар арасында ұйымдастырылды.

Рухани шара әдеттегідей, аудандық мәдениет үйінде өткізіліп, білікті тіл мамандарының төрелігі арқылы жас өрендердің білімі сарапталып отырды. Мақал-айтыс түрінде болған сөз сайысына ауданымыздан 20 белсенді жас қатысып, өз бақтарын нақыл сөз алаңында сынады. Байқау барысында аудандық «Nur Otan» партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа түсуші білімгерлерге сәттілік тіледі.

Бес айналымға ұласқан айтулы додада жас өрендер бес-бестен сынға түсу арқылы білімдерін байқатып, финалға жолдама алып отырды. Бұл сайыста, тағы бір айта кетерлігі көрермендер арасында да мақал сөз айту арқылы ойындар ұйымдастырылды. Тапқырлық танытқандарға ерекше сыйлақтар да табыс етілді. Сонымен, күрделене түскен байқаудың кезеңінен сүрінбей өтіп, ақтық мәреде білім деңгейін көрсеткен, жеңімпаз атанған ол – «Аяжан медициналық колледж» студенті Бағыбергенова Көркем болды.

Шара соңында байқауға қатысушылардың барлығы белсенділік танытқандары үшін Алғыс хаттармен марапатталып, түрлі сыйлаққа ие болды.  Дәл осындай жастарды құттықтау рәсімінде осы аптаның сәрсенбісінде аудандық «Nur Otan» партия филиалында ұйымдастырылған оқушылар арасындағы видео-ролик пен сурет байқауының жеңімпаздары да марапатталды.  Бұл жарыс та саяси партияның 20 жылдығына орай, «Рухани Жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыптары аясында атқарылған жобалық жұмыстардың бірі болып саналады.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях