Алматы облысының Қарасай ауданының Үшқоңыр тауларының бөктерінде орналасқан «Nomad» этноауылында ежелгі бабаларымыздың әскери һәм шеберліктерінің қалыптасу кезендерін көрсететін «Көшпенділердің әскери өнерінің апталығы» өтті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Аталмыш фестивал Алматы облысы туризм басқармасының тапсырысына сәйкес Алматы қаласының әкімінің қолдауымен қазақстандықтар мен шетелдік қонақтарға көшпенділер мәдениетін, ежелгі тарихы мен салт-дәстүрін көрсету, Қазақстан аумағындағы көшпелілердің әскери өнерінің қалыптасуы мен дамуын көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Фестивалді тамашалауға туризм саласының өкілдері, шетелден келген туристер, облыс пен аудан тұрғындары барлығы 2000-нан астам адам келген.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының аясында өткен іс-шарада сақ әскерлері бастаған әскери ұсталар мен шеберлер, бүркітшілер, аңшылар мен батырлардан тұратын әскери шеруі жүріп өтті. Мұнан кейін фестивалге келген аудан тұрғындары мен қонақтар батырлардың жекпе-жегіне, шауып келе жатқан аттың үстінде неше түрлі акробатикалық қимылдар, бүркітшілердің, садақ атушылардың, көкпаршылардың, қарсыласын ертоқымымен бірге аттың үстінен суырып алатын шабандоздардың шеберлігі мен ептілігіне тәнті болады. Бұлардан өзге, шараға келгендердің әрқайсысы өз мүмкіндігін саралап, әскери мастер қластарға қатысып, зергерлік бұйымдарды, ұлттық тағамдарды, шағын киіз үйлерді көре алды. Сондай-ақ, орталықтың қызметкері, тарихшы-археолог Станислав Потапов бастаған бірқатар азаматтар көшпелі халықтың әскери киім үлгілерін мен ежелден келе жатқан әскери тәсілдері мен олардың қолданған адырна, айбалта, аймауыт, алдаспан, алмас қылыш, садақ сияқты қарулармен таныстырып өтті. «Көшпенділердің әскери өнерінің апталығы» фестивалі қазақтар мен түркі халықтарының бай мұрасымен кеңінен танысуға мүмкіндік берді.
Бір апта бойы жалғасатын этнофестиваль күндері аудан тұрғындары мен қонақтары түрлі концерт, жәрмеңкелер мен ұлттық ойындар көріп, тамашалай алады.