Ауданымызда 11 сынып оқушылары үшін ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші ақылы кезеңі басталды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Осы ретте, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 қаңтардағы №2 «2020 жылғы 15-20 қаңтар аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру туралы» бұйрығы негізінде, ауданымызда 17-18-19 қаңтар аралығында тестілеудің ақылы бірінші кезеңі өтеді.
Еске сала кетейік, Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне енген соңғы өзгерістерге байланысты мектеп бітірушілер тестілеудің төрт кезеңіне қатыса алады. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында өтетін тестілеуге қатысу арқылы оқуға түсушінің ЖОО-ның ақылы бөліміне құжат тапсыруына болады. Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде 2020 жылғы маусым-шілде айларында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет. ҰБТ форматы еш өзгеріссіз. Талапкер дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді. Тапсыру форматы өзгермегенімен, аудиторияға кіргізу кезіндегі тексеру барысы қатандатылды. Нақтырақ айтқанда, егер де бұрын тестке келген оқушы өзімен бірге ұялы телефон алып келіп, оны кіреберісте металліздеушімен тауып алған жағдайда оқушыға бір ескерту жасалып тестілеуге жіберілсе, биылғы өзгеріс бойынша ескерту жасалмай акті бойынша бірден ғимараттан шығарылатын болады. Ал, дайындық барысына келетін болсақ, Белинский орта мектебі базасында орналасқан тестілеуді өткізу пунктінде ережеге сәйкес барлық дайындықтар жасалған. Атап айтқанда, алдын ала белгіленген 12 аудитория 14 бейнебақылау камерасымен, алты металліздегішпен, 12 ұялы телефондардың сигналдарын басатын құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ, екі мейірбеке мен жедел жәрдем көлігі, өрт сөндіру қызметі мен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тест барысында кезекшілік жүргізетін болады.
Оқушылардың 11 жыл бойы оқып, көкейге түйген білімдерін таразы басына салып, өз білімдерін сынайтын межеден сүрінбей өтіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізулеріне тілектестік білдіреміз.