Қазақстан Ұлттық Банкі номиналды құны 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік айналыстағы монеталардың 2019 үлгісі жаңа модификацияланған дизайнымен айналысқа шығарды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа монеталардың дизайны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен 2019 жылы 20 наурызда мақұлданды.
«Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 29 маусымдағы №162-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасына да өзгертулер енгізілді, осы ретте мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН» деген сөз латын графикасының негізіндегі әліпби пайдаланыла отырып «QAZAQSTAN» деп орындалды.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы теңге монеталарының міндетті дизайн элементі болғандықтан, Ұлттық Банк латын алфавитіне негізделген әліпбиді пайдала отырып, жаңа өзгертілген дизайнымен мемлекеттік тілде жазылған айналыстағы монеталарды шығаруға шешім қабылдады» –деді, Ұлттық Банк қызметкерлері.
Жаңа айналыстағы монеталардың сырт жағында (реверсінде) «QAZAQSTAN» деген сөз бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, сондай-ақ, шығарған елді білдіретін «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» деген жазу бар. Сонымен қатар, ұлттық валютаның «TEŃGE» деген атауы мен шығарған банк атауының қысқартылған белгісі «QUB» (Qazaqstan Ulttyq Banki) бар мәтіндік жазулар орналасқан. 2019 жылғы жаңа үлгідегі дизайны өзгертілген номиналдық құны 100 теңгелік айналыстағы монеталардың қырында (гуртында) «JÚZ TEŃGE» деген жазу болады.
Жаңа монеталардың техникалық және заттай өлшемдері: массасы, диаметрі, қалыңдығы, металл құймасы өзгеріссіз сақталған. Бұл төлем терминалдарын және басқа да кассаны қосымша қайта теңдеуді талап етпейді.