Сулейман Демирел университетіндегі ақпараттық технологиялар бойынша, студенттердің тәжірибесін дамыту мақсатында ашылған «Технопарк» атты орталықтың қолдауымен, қыздардан құралған «Single ladies» командасы «Botakan» мобильді қосымшасын әзірлеп шығарды. Университет қабырғасында жыл сайын өтетін «Hackweek-2017» атты студенттер арасындағы сайыста біліктіліктерін көрсетіп жүрген бұл студенттер инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультетінің үшінші курсында оқитын Сәуле Қаленова, Нұргүл Айсариева мен есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша білім алып жатқан Камила Құсаинова.
Аталмыш мобильді қосымшаның контенті, яғни, негізі қазақ тіліндегі өлеңдер мен әндер және көптеген мақал-мәтелдер жазылған «Мама, қазақша сөйлеші!» атты кітаптың авторы Әсел Сапақованың «Зерек ботақан» журналынан алынған. Бұл ұялы қосымшаның бас мәзірінде тақпақтар, әндер, жаңылтпаштар және санамақтар қамтылған.
-Біз бұл мобильді қосымшаны шығаруға Instagram әлеуметтік желісінде танымал, төрт баланың анасы Әсел Сапақовадан тапсырыс алған болатынбыз. Прототипті талқылағаннан кейін, оны командамызбен iOS платформасында жасап шығардық. Бұл жоба бір аптада бітті. Ұялы қосымша балаларға арналған қызықты дизайндағы ыңғайлы және интуитивті интерфейспен жасалды, — дейді жобаны жасаған «Single ladies» тобының мүшесі Сәуле Қаленова.
Жалпы, мобильді қосымшаны 349 теңгемен смартфоныңызға жүктеп ала аласыз, жад көлемі 65 мегабайт. Статистикалық мәліметті келтіре кетсек, осы уақытқа дейін, оны 174 адам жүктеген. Оның 159 қолданушысы Қазақстаннан болса, жетеуі АҚШ-тан, ал қалғаны Ұлыбританиядан.
Айта кеткен жөн, бұл жоба жаңа технологиялардың көмегімен қазақ тілді контенттің үлесін ұлғайтуға бағытталған. Яғни, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бағыт-бағдармен байланыстыруға толық негіз бар. Келешекте «Single ladies» командасы үлкен мақсаттарды көздей отырып, мемлекеттік сектордан да, бизнес-қауымдастық өкілдерінен де кең ауқымды тапсырыстарды қабылдауға дайын.
С.Демирел университетінің Технопаркы 2014 жылы ашылған. Осы уақытқа дейін, мұнда екі мобильді қосымша дайындалып шықты. Бірі осы «Botakan» болса, екіншісі «Zhetisu guide».
Осы орайда, Технопарк директоры Бахтияр Рахматуллаевтан «Zhetisu guide» қосымшасы туралы мәлімет те алдық. Оның айтуынша, бұл қосымшада Алматы облысының киелі жерлері туралы ақпараттар бар. Бұл жобаны С.Демирел университетінің Рауан Сатанбек және Даяна Тезекбаева есімді үшінші курс студенттері жасап шығарған. Ал, контенті филология ғылымдарының докторы Айсұлу Нұржановадан алынған.
-Ұялы қосымшаның android платформасындағы нұсқасын шығару қаңтар айының соңына жоспарланып отыр. Жалпы, қандай қосымша болса да, оны iOS бағдарламасына қарағанда, android-қа жасап шығару оңай. Себебі, iOS платформасында тексеріс көп. Менің атқаратын қызметім тапсырыс берушінің талаптары мен сұраныстарын студенттерге жеткізу. Ал, қосымшаны студенттердің өздері жасап шығарады, — дейді Бахтияр Рахматуллаев.