Академиктің атындағы мектепте «Сәтбаевтану» кабинеті ашылды

Академиктің атындағы мектепте «Сәтбаевтану» кабинеті ашылды

Қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы оның есімімен аталатын білім шаңырағында лайықты түрде атап өтілді, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаған Қаныш Имантайұлының туғанына биыл – 125 жыл. Академиктің мерейтойы қарсаңында оның еңбектерін дәріптеп, есімін ұлықтау мақсатында биыл елімізде түрлі жобалар, игілікті істер қолға алынуда. Сондай бастамалардың бірі жақында Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінде жүзеге асып, құрметті қонақтардың қатысуымен есте қаларлық іс-шара өтті.

Кешке Қ.Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінен арнайы мамандар қатысты. Атап айтқанда, аталмыш оқу ордасының тарихи мұражайының бас маманы, сәтбаевтанушы Аспандияр Өмірбеков, осы мұражайдың жетекші маманы Шынар Окашева, биология ғылымдарының докторы Надежда Ниретина, сондай-ақ аудандық білім бөлімінің өкілі Жанат Тельманұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы және басқа да ардагер-ұстаздар да осы шарада қадірлі меймандардың қатарында болды.

Шара барысында алдымен қонақтар мектеп фойесінде ұйымдастырылған академик Қ.Сәтбаевтың портреттері мен жеке заттары қойылған көрмемен танысып, оның еңбек жолына қатысты бейнефильмді тамашалады. Одан кейін аталмыш білім ошағында «Сәтбаевтану» кабинетінің ашылу рәсімі  өтті. Мұнда мектеп директоры Рысбүбі Дүйсебаева сөз алып, академиктің есімін арқалау үлкен мәртебе екенін айтып, кабинетті ашудағы мақсатын түсіндірді. Ал салтанатты рәсімнің қызыл лентасын сәтбаевтанушы Аспандияр Әденұлы мен ардагер Сағат Ұлтарақыұлы қиып, шағын мұражайға жол бастап кірді. Академиктің қазба байлықтары және басқа да жеке заттары қойылған кабинетті оның жетекшісі Әмина Құлжабаева таныстырып, өмірдерегіне қатысты ақпаратымен бөлісті.

Кабинеттің ашылу рәсімінен кейін академикке арналған шараның жалғасы мектептің акт залында «Рухы биік ұлы перзент» атты мәдени кешке ұласты. Мұнда құрметі қонақтар геолог Қ.Сәтпаевтың өмір жолы мен атқарған қызметіне қатысты ойларын ортаға салып, оның Қазақстан Ғылым академиясына сіңірген еңбегіне жоғары баға берді. Ал мектеп оқушылары актерлік, әншілік, бишілік өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях