Жаңа Жолдау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Жаңа Жолдау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қарасай ауданына арнайы келіп, облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге бірқатар нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен жүздесті. Алдымен, Астанадан келген мейман Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, өткен жылдың соңында жаңадан ашылған, Райымбек ауылдық округіне қарасты «Батыр бабаларға тағзым» мемориалды кешені мен  Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болды. Сондай-ақ, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында айтылған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған, Елтай округіндегі кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Келушілер сақ патшайымы Тұмар ханшайымнан бастап, ғұндардың патшасы Еділ, Түрік қағанатының билеушілері, Қазақ хандығының хандары және «Алаш Орда» қайраткерлерінің өмірі мен соңында қалған мол мұралары жөнінде кең көлемде мағлұматтар ала алатын «Батыр бабаларға тағзым» мемориалды кешені 2017 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген болатын. Бір гектардан астам жерді алып жатқан мәдени мекен өзінің бірегей архитектуралық бейнесімен бірден көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны анық. Мұхтар Абрарұлы мұндағы әрбір жәдігерді байыппен қарап, кешенді тамашалауға келген оқушылармен әңгімелесіп, халқының өткен тарихын білу де өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін тілге тиек етіп, мұражайға оң бағасын берді.

Ауданымыздағы маңызы зор нысандардың бірі – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы. Елбасының туған ауылында ашылған бұл орталық арқылы  Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбекке алғаш араласқан сәтінен бастап саясаттағы ірі жеңістері мен жетістіктерін қамтитын құнды дүниелерді назарға ұсынып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету, жастарымызды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу көзделген. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай нысандардың ашылуы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған басымдықтардың нәтижесі екенін тілге тиек етті. Өйткені, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», – деп нақты айтылған.

Елбасы күні кеше ғана жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау – жылдың ең маңызды құжаты. Сондықтан да Мұхтар Құл-Мұхаммед жалпы Жетісу жерінің, оның ішінде Қарасай ауданының онда айтылған негізгі міндеттерді жүзеге асыруға дайындығын іс жүзінде тексеруді жөн санады. Әсіресе, аграрлық саясатқа, еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталған Жолдаудағы үшінші міндетке айрықша мән берілді. Сол себепті, Мұхтар Абрарұлы кондитерлік өнімдер шығаратын «Алматылық өнім» («A Product») кәсіпорнына арнайы барды. Бұл жерде тәтті-дәмдінің 150-ден астам түрі өндіріледі. Қажетті шикізаттардың жүз пайызға жуығы отандық  болып табылатын кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 13 мың тоннаға есептелген. Мұнда шығарылған  тәттілер Қазақстанның барлық облысынан бөлек, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің 13 қаласына және Германия мен Беларуссияға экспортталады. Осыдан үш жыл бұрын еліміздегі кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы шикізат сатып алуға бағытталған несие займдарын қайта қаржыландыру бойынша айтарлықтай қолдау көрсетілген еді. Мұндай қолдау жетусулық кәсіпкерлерге өнімді еңбек етуге күш-жігер беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Жұмыс сапары барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед өндіріс орнының технологиялық үдерісімен және жаңадан іске қосылатын желінің жұмысымен танысты. Осы ретте партия Төрағасының Бірінші орынбасары өндіріске жаңа технологияны енгізу арқылы кәсіпкерлерге Елбасымыздың алдымызға қойған кез келген міндетін сәтті жүзеге асыруға, соның ішінде өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыруға мол мүмкіндіктер туатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы айқындап берген жаңа міндеттерге толық сай келетін өңіріміздегі тағы бір ірі өндіріс ошағы Елтай округінде орналасқан – «Алматы-Стекло» ЖШС. Себебі, мұндағы қондырғылардың Қазақстан бойынша баламасы жоқ. Кәсіпорында бес бірдей технологиялық машина желісі жұмыс істейді. Соның нәтижесінде әйнек ыдыстардың кез келген түрін дайындауға мүмкіндік бар. Тіпті зауыттың жекелей тапсырыстар бойынша да өнім өндіруге толық қауқары бар. Бұл жерде жылына 120 миллионға дейін шыны құтылар мен банкілер шығарылады. Кәсіпорын директоры Азим Абдуллаевтың, бұл жердегі өнімдер сапасы жағынан әлемдік эталондарға толығымен сай келеді.

Серіктестіктің еңбек ұжымымен кездескен Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасымыз өзінің жаңа Жолдауында айтқан Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі өндіріс орындарынан соңғы үлгідегі технологияларды кеңінен енгізуді талап ететініне назар аударды. Бұл – жаһан көшінен қалмай, әлемдік өзгерістермен қатар дамуға үлкен септігін тигізетін маңызды қадам. Сондықтан «Алматы-Стекло» сияқты заманауи кәсіпорындар да Елбасы айтқан жаңғыру мен цифрландыруды жүзеге асыруда аса белсенді болуы тиіс.

Сапар соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық, қалалық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарына Елбасы Жолдауындағы барлық міндеттің жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуды және бұл маңызды құжаттың мәні мен мағынасын әрбір тұрғынға түсіндіру жүмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях