Аудан аумағында 1000 бейнебақылау камерасы орнатылады

Аудан аумағында 1000 бейнебақылау камерасы орнатылады

Қарасай ауданы облыстағы халқы тығыз орналасқан ең ірі өнірдің бірі болғандықтан, жылдан жылға орын алып жатқан құқық бұзушылықтар саны азаймай тұр. Осыған байланысты бірқатар шаралар да қолға алынған. Атап айтқанда, алдағы уақытта ауданға 1000-ға жуық бейнебақылау камерасы орнатылмақшы. Бұл жайында бүгін аудандық әкімдікте өткен Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында «Көркем Телеком» ЖШС-нің жоба менеджері Алишер Мунатаев айтып өтті, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Алматы облысында жол және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында бірқатар облыстық мекемелер мен «Көркем Телеком» ЖШС арасында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жасалған. Оның аясында облыс бойынша жалпы саны 9100 бейнебақылау камераларын орналастыру жоспарланған. Соның 1000-ы Қарасай ауданына қойылады. Жобаның аяқталу мерзімі – 66 ай.
«Көркем Телеком» ЖШС-нің жоба менеджері Алишер Мунатаевтың айтуынша, қазірдің өзінде аудан орталығы Қаскелең қаласы мен Жандосов, Шамалған, Бекболат, Қайнар, Шалқар, Жамбыл, Әйтей, Еңбекші ауылдарында 110 бейнебақылау камерасына арналған тіреуіштер орнатылған. Қосымша тағы 140-ын орнату қолға алынуда. Осы жұмыстар аяқталып, желілер толығымен іске қосылғанда аудан аумағында 1000 жалпы бақылау бейнекамерасы іске қосылатын болады. Сондай-ақ ауданда қосымша 52 жылдамдықты қадағалайтын «Сергек» камералары да орнатылады.
Бұл құрылғылар болған жайды тәулік бойы таспаға түсіріп, жазбаны 30 күнге дейін сақтайды. Оның үстіне бақылау камераларының түсіру сапасы өте жақсы болғандықтан, ауданның полицейлері құқық бұзушылықтардың алдын алады әрі оның салдарын еркін анықтауға мүмкіндіктері бар. Жаңа камералар арқылы көлік жүргізушілерін де тәртіпке салуға болады. Жарықтың жағылмауы, қауіпсіздік белдігінің тағылмауы, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы – осының бәрі камералардың назарында. Яғни, аудандағы тәртіп пен тазалықтың сақталуын қадағалауға пайдасы жоғары.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях