1 наурыз – Алғыс айту күніне орай, Қарасай аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Айтулы мерекелік басқосуда Мәдениет үйінің фойесінде жас өнерпаздар ән салып, қолөнер шеберлері көрме ұсынып, этно-орталықтар өз ұлттарына тән құндылықтарын паш етті. Аудан әкімі Жасұлан Естенов әрбірін тамашалап, этнос өкілдерінің өнерімен, мәдениетімен танысып, бауырмалдықты арттыру турасында алғысқа арқау болған әңгімелерін тыңдады.
Ал Алғыс айту күнінің салтанатты кеші жұмысшы мамандық иелеріне арналды. Ел Президенті тұтастай жылды айтулы мамандыққа арнағандықтан, олардың еңбегіне дәл осылай ризашылық білдіру артық болмас. Сондықтан «Мамандарға мың алғыс» деп аталатын шараның әлқиссасы түрлі кәсіпті игерген еңбексүйгіш жандар жайлы бейнефильммен басталды. Одан кейін аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы сахна төріне көтеріліп, Қарасай жұртшылығын Алғыс айту күнімен құттықтап, ризашылық ниеті ретінде бірнеше еңбек адамдарын марапаттады. Аудан әкімінің алғысына бөленген жандардың қатарында өзге ұлт өкілдері және басқа да түрлі кәсіпорында қызмет ететін жандар болды.
Кеш барысында дәрігер, ұстаз, құрылысшы, теңізші сияқты бірнеше маман иелеріне құрмет белгісі ретінде арнайы әндер шырқалып, бишілер өнер көрсетті. Ал шараның соңы аудан өнерпаздарының орындауында Алғыс әнімен түйінделді.