Қарасайлық оқушылар жарықты шағылыстыратын таспаларды киімдерге тігіп, жаяу жүргіншілердің, әсіресе оның ішіндегі балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға өз үлестерін қосуда, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жол апатымен байланысты қайғылы жағдайлар көптеп орын алып жатқандықтан, бүгінде ең маңызды мәселе қатарына балалардың жол-көлік жарақаттарына жол бермеу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып отыр. Соған сәйкес мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп, бейнекамералар қойылып, айналма жолдар салынып, заманауи техникалармен жабдықталған бекеттер мен патрульдік автокөліктер қолданылуда. Полиция қызметкерлері белсенді түрде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осындай маңыздылығы жоғары атқаралып жатқан шараларға біздің Қарасай ауданының мектеп оқушылары да өз үлестерін қосуда. Анығырақ айтқанда, бүгінде аудандық білім бөлімі мен аудандық полиция басқармасының бастамасымен ауданымыздағы бірінші және жетінші сынып оқушыларының киімдеріне жарық шағылыстырғыш таспаларды қосымша тағып алу бойынша жұмыстар атқарылуда. Ал арнайы таспаларды киімге тігуді ауданға қарасты мектептердің бесінші және жетінші сыныптың білімгерлері өз қолдарына алған. Олар технология сабақтарында тігін машиналарымен балалардың сыртқы киімдерімен сөмкелерінің бауына жарық шағылыстырғыш таспаларды тігумен айналысуда. Осылайша олар өздерінің таңертең және кешке жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына атсалысуда. Айта кетейік, бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, соңғы бір жылда жол-көлік оқиғалары екі есеге көбейген. Нақты айтқанда, 2024 жылы еліміз бойынша 26 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 2 мың 400-ге жуық адам қаза тапқан. Жарақат алғандар саны 33 мыңнан асады.