Өмірі өнегеден тұратын Нескен әжей

Өмірі өнегеден тұратын Нескен әжей

Егер ауыл-ауылды аралап, «өмірі өнегеге толы, ұрпаққа үлгі болар жан бар ма екен?» деп іздесеңіз, кез-келген қазақтың жерінен алтын да ардақты аналарымызды тауып ала қоятынымызға көзіміз жетті. Біздің бұл жолғы мақаламыздың кейіпкері – ауданымыздың тұрғыны, асыл әже Нескен Алимгожиева осындай аналардың бірі. Ол бір әулеттің ынтымақ-бірлігін уысында ұстаған, балаларын ел азаматы деңгейіне жеткізіп, немере-шөбере сүйіп отырған асыл ана. Аналық парызы өз алдына, әке орнына әке бола білген ол бір әулеттің көшін өрге тартқан қажырлы жан. Жарқын жүзінен шуақ шашылған, жүрегі махаббат пен шапағаттан жаралған Нескен әжеміз биыл қараша айының жетісі күні 81 жасқа толғалы отыр. Осы ретте біз оны туған күнімен құттықтай отырып, оқырмандарымызға өмір жолымен таныстырып өтсек деп едік.

Ғасырға таяу ғұмыр жасаған қазыналы анамыз ауданымыздағы Жамбыл округіне қарасты қазіргі Батан (бұрынғы Менжін) ауылында дүниеге келген екен. Әкесі Әлімқожа көп жылдар мұғалім, одан кейін көптеген жауапты лауазымдарда қызмет еткен, ал, анасы Елеусіз өте мейірімді, еті тірі кісі болса керек. Осы жерде өсіп, оқуын оқып, мектепте жеті кластық білім алған, кейін жұмыс істеп, отбасына көмектескен кейіпкеріміз өзінен бірнеше жас үлкен Сейделбек Молдахметұлына тұрмысқа шығып, алты баланы дүниеге әкелген. 1989 жылы құдай қосқан қосағы Сейделбек қайтыс болады. Бірақ, кездескен қиындықтарды қасқая тұрып, жеңе білген әжей өмірлік тірегі жұбайынан айырылған кезде де мықтылығын көрсете білген. Қайғыдан бүгіліп жатып қалған жоқ. Белді бекем буып, барына шүкіршілік етіп, жарының артынан қалған алты баланы бағып-қағып өсірді.

Қазіргі таңда әжеміздің алты баласынан өсіп-өнген 15 немере, 16 шөбересі бар. Міне, үбірлі-шүбірлі болды деген осы шығар! Апаның өзі қазір үлкен ұлы Ержанның қолында тұрып, оның үш баласына қарасып отыр.

Ауылдағы жастарға тура жол көрсетіп, ақылын айтып, ақ тілегін білдіріп үлкен жұмыс атқарып отыратын, ақ жаулығы желбіреген Нескен әжеміз осы уақытқа дейін ақ батасын, жақсылығын ешкімнен аяған емес. Өмірден көргені мен түйгені мол қазыналы қариямызды туған күнімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұрпағының қызығын көріп, ақ жаулықты әдемі әжеміз болып жүре беруіне тілектеспіз!

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях