Мемлекеттік тілдің мәртебесі сөз етілді

Мемлекеттік тілдің мәртебесі сөз етілді

Белгілі саясаткер, ұлт жанашыры Дос Көшім мемлекеттік тілге қатысты өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Елімізде мемлекеттік тілге және жер-су атауларына қатысты олқылықтар жоқ емес, баршылық. Алайда бұл аталғандардың айналасындағы заң жобасын бірі білсе, енді бірі одан хабарсыз екені де рас. Бүгін осы тақырыптың төңірегінде әңгіме өрбіту мақсатында аудандық ішкі саясат пен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері Қаскелеңдегі орталық кітапханада саясаткер, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Досмахамбет Қалмаханұлымен кездесу ұйымдастырды. Қазақ халқына «Дос Көшім» деген ата-тегімен танылған ұлт жанашырының ойын тыңдау үшін ауданның бір топ ұстаздары мен жастар қауымы да келді. Сондай-ақ, Шара Қанатқұлқызы мен Ақлима Көсемова сынды ардагер ұстаздар да белгілі саясаткермен қатар отырып, көпшілікпен тілге ортақ пікір алмасты. Ал, жиынды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің міндетін атқарушы Ләззат Әуелбекова жүргізіп отырды.

Кездесу барысында «Ұлт» тағдыры қозғалысының төрағасы Дос Көшім алғаш сөз кезегін алып, бүгінгі тақырып тіл және ономастика мәселелері жайында болатынын айтты. Шыныменде, бұл аталғандар қазіргі қоғамда өзекті тақырыптардың қатарында екені белгілі. Оның айналасында түрлі жетілмей жатқан ақпараттар да, шешімі табылмаған сұрақтар да жетіп артылады. Сол жөнінде кездесуге келген тіл жанашыры өзінің ойын жеткізіп, көбісі біле бермейтін кейбір заңдардан құлағдар етті. Сонымен қатар, Дос Көшім сөз арасында мемлекеттік тілдің айналасында әлі де ақсап жатқан дүниелер бар екенін жеткізіп, нәтижесі бар жұмыстарын да сөз етті. Мәселен, былтыр Алматы қаласында 100-ге жуық көшенің атауы өзгертілсе, қазіргі таңда кейбір аймақтардағы абстракті сөздердің де жойылуына септігін тигізуде.

Осылайша, белгілі саясаткер мемлекеттік тілге қатысты мәселені сөз етіп, кездесуге келгендердің бірнеше сұрақтарына жауап беру арқылы жақын тілдесті. Кейбірінің ұсыныстарын да назарға алып, қашанда ашық әңгіме дайын екенін айтты. Жиын соңында аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы құрметті қонағымызға алғысын білдіріп, талай тың ақпараттарымен бөліскеніне ризашылығын білдірді.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях