«Мүлдем ұқсамайды». Баталов Қонаевтың даулы ескерткішіне қатысты пікір білдірді

«Мүлдем ұқсамайды». Баталов Қонаевтың даулы ескерткішіне қатысты пікір білдірді

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Бақанас ауылында орнатылған Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың жаңа ескерткішіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Алдымен облыс әкімі түсінбестік неден туындағанын айтты.

– Жобаға Дінмұхамед Қонаев қоры бастамашылық жасап, демеуші болған. Мен мәселенің мән-жайын біле бастағанымда, таңғы 7-де маған танысым хабарласып, «Мынау не?» деп сұрақ қойды әрі (ескерткіштің — ескерту) суретін жіберді. Тексеріс барысында олар ескерткішті жасағаны анықталды әрі ешкімнен рұқсат алмаған. Бақанас ауылындағы паркте ескерткішті орнатқан. Мен аудан әкіміне (Балқаш ауданы — ескерту) тапсырма бердім, – деді Амандық Баталов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол облыста ескерткішті орнату мәселесін қарастыратын арнайы комиссия барын атап өтті.

– Аудандық комиссия жобаны тексерген кезде оның түпнұсқаға сәйкес келмейтіні анықталды. Тіпті, мүлдем ұқсамайды. Бірақ, соған қарамастан оларға рұқсат берілген. Осыған дейін біз Талдықорғанда Дінмұхамед Қонаевтың әдемі мүсінін орнатқан едік. Оны орнату үшін республикалық комиссияның рұқсаты керек еді. Осыдан соң ғана мүсін жасала бастады. Ал, мұнда барлығы керісінше жасалған. Сондықтан біз ол жаққа адамды жіберіп, барлық жұмысты тоқтаттық. Ескерткішті жауып тастадық. Оларға құжаттарды қалыпқа келтірмей, жұмыс басталмайтынын, әрі рұқсат берілмейтінін айттық, – дейді өңір басшысы.

Амандық Баталов қазіргі таңда бұл ескерткішке қатысты тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

– Олар (құжаттарды — ескерту) қалыпқа келтірген соң, тиісті жұмысты жүргіземіз. Себебі, ескерткіш Дінмұхамед Қонаев атындағы паркте орнатылады. Яғни, ол Бақанас ауылының кіреберісінде тұрғызылады, – дейді облыс әкімі.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желі қолданушылары Алматы облысында Дінмұхамед Қонаевқа қойылған ескерткішті сынға алған еді. Кейін ескерткіш авторы мүсінші Алтай Бейсенов екені белгілі болды. Ол халық наразылығына ұшыраған туындысына қатысты «Уақыт тығыз болды» деген пікір білдірген.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях