ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНДЕГІ ЖАҚСЫ ІСТЕР

ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНДЕГІ ЖАҚСЫ ІСТЕР

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

Қарасай ауданында тағы бір жылыжайдың жұмысы жанданып келеді, – деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Жамбыл округіне қарасты Қошмамбет ауылындағы кәсіпкер Еркін Сағиевтың жылыжайы бүгінде аудан халқын сапалы көкөністермен қамтамасыз етуде. Аталмыш кәсіпті үш жыл бұрын қолға алған азамат күні бүгінге дейін осы ісінен қол үзген емес.

Жалпы аумағы 2 гектарды құрайтын жылыжай суық өткізбейтін, жылуды сақтайтын, күн сәулесін жақсы қабылдайтын пленка жабындымен жасалған. Жылыжай ішіндегі қияр-қызанақтар тамшылату әдісімен суарылады. Ал, жылу арнайы электроконвектор деп аталатын құрылғы арқылы беріледі. Кәсіпорын Қытайдан келген жоғары технологиялармен жабдықталған, ал, тұқым мен оны өсіру үшін қосатын тыңайтқыштар Ресей мемлекетінен әкелінген. Кәсіпорын директорының айтуынша, кешенде бір жылда 600 тоннаға дейін көкөніс алынады.

– 30 адам жұмыспен қамтылып, көкөніс өсірудің озық технологияларын меңгеруде. Жылыжайдағы өсімдіктер Беларуссиядан алынатын арнайы базалит тасының ерітіндісінен жасалатын минералданған ваталарда өсіріледі. Өндірілетін өнімді Ресей мемлекетіндегі Новосибирск, Екатеринбург пен Омск қалаларына, ал қиярды, ішкі нарыққа, яғни, «Магнум», «Рамстор» және «Алтын Орда» сауда кешендеріне тасымалдаймыз. Заманауи кешен қиярмен қатар, қызанақ өсіруге қауқарлы. Осы жылдың наурыз айында томаттарды өсіруге кіріспекпіз, – дейді Еркін Нұрпейісұлы.

Мұндағы жұмыстың жылдан-жылға өркендеуі, әрине, ең алдымен ауызбіршілік пен еңбек етуге ұмтылған ұжымдағы адамдардың берекелі ісінің жемісі болса керек. Жұмысшылар үшін де жақсы жағдайлар қарастырылып, ынталандыру жағы да ойластырылған. Бұл ретте, ең үлкен жауапкершілік Украинадан келген директордың орынбасары, бас агроном Сергей Морозовқа және сол жақтан келген тағы бір топ мамандарға жүктелетіні де анық. Себебі, аса байыпты бап пен үздіксіз күтімді қажет ететін көкөністер үшін аздаған салғырттықтың өзі үлкен қауіп төндірмек. «Бұл сәбиді күткендей тіршілік. Ерекше ықыласпен баптап, күте білмесең, өнім ала алмайсын. Бір сәт назардан тыс қалдыруға болмайды. Тіпті, тілін тапсаң, сөйлейді де… Ауырғанын, мазасы болмай тұрғанын айтады» – дейді агроном. Тіпті, жемістерді тозаңдандырып, зиянкестерден тазалайтын арнайы қоңыздар мен пайдалы жәндіктер де шетелден алдырылған. Мұнан бөлек, көкөніске қажетті жылылықты бірқалыпты сақтау үшін мұнда екі жылу қазандықтары орнатылған.

Ал, өнімді суаратын су жер асты құбыры арқылы сүзгіден тазаланып келеді екен. Осындай жоғары технологияны қолданып, шаруашылығын дөңгелеткен Еркін тағы бір жылыжайдың құрылысын бастап кетті. Тынымсыз еңбек иесінің айтуынша, осы жылдың наурыз айында аумағы 3 гектар, әйнекпен жабдықталған, биіктігі 6,5 метрлік, тек қызанақ қана өсіретін жаңа жылыжай ашылатын болады. Сондай-ақ, бұл жердегі қызанақ бірінші жылыжайдағы минералды ватаға емес, жаңадан Шри-Ланкадан келетін органикалық ватаға өсірілетін болады. Жаңа жылыжайдын ерекшелігі, оның құрылысын толығымен ауданымыздағы Елтай ауылдық округіндегі «Holland Green Tech» зауыты жүргізген. Аумағы кең болғандықтан, тиісінше өндірілетін өнімнің де көлемі мол болмақ. Бұдан бөлек, «Агро Импекс Алатау» ЖШС бау-бақша өсіруді де қолға алып, қазір тәжірибе ретінде 5 сотық жерге алма ағашы да отырғызылған.

 

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях