ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТҰРАР АУЫЛЫНДАҒЫ ТАМАША ТОЙ

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТҰРАР АУЫЛЫНДАҒЫ ТАМАША ТОЙ

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

Биыл іргесі қаланып, керегесі бекіген Тұрар ауылына 100 жыл болса, мерейтоймен тұспа-тұс келген, бір ғасырлық ғұмыры бар, ауданымыз бойынша ең алғаш ашылған білім ордаларының бірі – Әбжан Бай­салбаев атындағы мектепке де 100 жыл толып отыр. Айтулы қос мерейтой осы жылда түрлі іс-шараларға астасып, жоғары деңгейде аталып өтілуде, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, бір ғасырлық тари­хын қалыптастырған, берекесі ауылдастардың бірлігімен үлгі болған Тұрар ауылы расымен де, барлығына жеткен жетістігімен ерекше. Биылғы 100 жылдық мерейтойы ауылдастардың ат­салысуымен жоғары деңгейде аталып өтілді. Оған өзіміз де жиылған жұртшылықпен куә болдық. Нақты айтар болсақ, өткен аптаның жексенбісінде тұрарлықтар «Тарихы терең – киелі ауылым!» атты ауқымды мерекелік шара ұйымдастырып, ауыл іргесіндегі атшабар алаңында құтты қонақтар мен қалың көпшіліктің басын қосты. Мерейтойға арналған сал­танатты шараның негізгі мақсаты – ауылдастар мен меймандарға туған жердің та­рихын таныта отырып, ұлттық болмыстың негізінде лайықты ұрпақ тәрбиелеу. Осы мақсатта жексенбінің жаймашуақ күнінде торқалы той құтты қонақтарды қарсы алумен басталып, көңілді ноталы концертпен жалғасты. Жазық даланың көкжиегі сахна сәнімен жарасып, онда күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерлері көптің көңілін көтерді. Концерттік бағдарламаның шымылдығы Маржан Садықованың орында­уында «Ойжайлау» әнімен ашыл­са, мерекелік кештің тізгінін алған Қоблан мен Шұғыла жиналғандарға туған елдің та­рихынан сыр шертіп отырды. Оның ішінде елді мекенге еңбегі елеулі ел ағаларының есімдері де аталып, ардақты азаматтар жайлы ой қозғалды. Одан бөлек, білім салаласында қызмет ет­кен тәжірибелі ұстаздардың да табандылығы мен шәкірт тәрбиелеу жолында талай тер төгіп, аудан, облыс, республика көлемінде жасаған тындырымды істері баяндалды.

«Батаменен ел көгерер» де­гендей, осы думанды шараның алғашқы құттықтау сөз кезегі аузы дуалы ақсақалдардың бірі Сейітқали Серік-қажы Ыбытаевқа беріліп, қариямыз жүрекжарды ақ тілегін ақтарып, баталы сөзін арнады. Ал, ал атамызға ізгі ілтипат ретінде иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Бұл жиында туған елдің топырағына аунап, суын ішкен, өскен ортасына, жеріне аянбай еңбек еткен ғалым аталардың да аттары аталып, рухтарына тағзым етілді.

Тұрар ауылының өткен тарихы жайлы ауылдықтар мен жерлестерге мәлім бо­луы мүмкін, алайда, тарих қойнауында да беймәлім тұстары кезігіп жатты. Осы жайында Ә.Байсалбаев атындағы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Жолдасбек Сәрсенұлы ашып айтып, көпшілікке Тұрар елді мекені қалай ауыл болып қалыптасқанын түсіндірді.

Ауыл жайлы ақпараттар ортаға салынған соң, сахна төріне мемлекет және қоғам қайраткері, Тұрар ауылының тумасы, білім саласында сан жылдар еңбек ет­кен, аудан мақтанышы Шәмшә Беркімбаева шақырылды. Өз сөзінде филолог Шәмшә апайы­мыз жерлестерін думанды мере­кемен шын жүректен құттықтап, ауылдың мәртебесін көтеру үшін барлығын бірлікте болуға шақырды.

Салтанатты шараға арнайы шақырылған құтты қонақтардың қатарында Ә.Байсалбаев мектебін 2002-2003 жыл­дары басқарған, одан бөлек, осы білім ошағында талай жылдар қызмет ет­кен Анита Елубайқызы, Ұлтуар Несіпбайқызы сынды ардагер ағартушылар мен Тұрар ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Сағат Мұхтарұлы, соны­мен қатар, Жаңашамалған ауылдық округін та­лай жылдар басқарған Ғалия Аманова да бол­ды.

Ашық аспан астында сәні мен салтанаты келіскен сахнадағы концерт ұлттық ойындарға ұласқан спорттық бәсекемен жалғасты. Оның ішінде арқан тартыс, қол күрестіру, кір тасын көтеру сияқты күш сынасатын жарыстарды айтуға болады. Ал. келушілердің барлығы ақ дастарханнан дәм та­тып, бір-біріне деген ақ тілектерін ақтарып жатты.

Мерекенің нағыз қызған шағы атшабар алаңында орын алды десек де болады. Барлығы асыға күткен аламан, құнан бәйгелер мен тай жарыстар көптің көңілін аудартты. Жалпы, мұндай спорттық ойын­дардан бөлек, көкпар, қыз қуу сияқты ұлттық ойындар да на­сихатталып, ауыл маңайына жиналған меймандардың көңілін бір серпілтті. Кешқұрым ауыл ақсақалдары барлық жеңімпаздарды марапаттап, тиісті қомақты жүлделерін табыстады.

Туған жердің торқалы той­ын есте қаларлықтай етіп өткізген тұрарлықтардың қай-қайсысы болсын туған еліне деген сүйіспеншілігін, шын жанашырлық қасиетін, жауапкершілігін барынша таныта білді. Келешекте де Тұрар ауылының берекесі мен беделі артып, ырысы тасыған ауылдастардың ынтымағы жарасып, мерейлі мерекелері молын болсын, дегіміз келеді!

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях