Кейбір аудандық бөлімдер бөлінетін болады. Осы және өзге мәселелер бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен аудандық мәслихаттының кезекті V сессиясында мәселелер талқыланып, олардың барлығы депутаттардың қолдауымен бекітілді, деп хабарлайды naqty.kz.
Жиынға халық қалаулыларынан бөлек аудан қала және ауылдық округтердің әкімдері, бөлім басшылары қатысты. Сессияның өтуіне аудандық мәслихат хатшысы Бауыржан Айнабеков төрағалық етіп, талқыға түсетін мәселелерді атап өтті. Оның алғашқысы «Қарасай ауданының 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы болды. Оған қатысты ақпаратты аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев нақты жеткізе отырып, 2023 жылға арналған аудандағы қаржы саласының жобасын ұсынды. Жобаның кіріс-шығысына жеке тоқталған кейін, халық қалаулылары ауданымыздағы мәдениет саласын дамытуға, жаңа және жекеменшіктің қолына өткен Мәдениет үйлерін сатып алуға, салуға қанша қаражат бөлінгенін сұрады. Бөлім басшысы депутаттардың сұрақтарына толыққанды жауап беріп, сөз соңында айтылған бюджет жобасын депутаттар тарапынан бекітіп беруін сұрады. Күн тәртібіндегі мәселенің екіншісі – Ұмтыл ауылдық округі Алмалыбық ауылындағы жаңа көшелерге атау беруге арналды. Оған қатысты аудандық ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова ақпарат беріп, жобада аталған ауылда жаңадан құрылған 60 көшеге атау қажеттілігі айтылды. Үшіншісі – Қарасай ауданының әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын бекітуге байланысты ұсыныс енгізілді. Бұл аудандық әкімдіктің ішіндегі бөлімдер бөлінуіне қатысты болы. Аудан әкімі аппаратының басшысы Ілияс Қалиевтің айтуынша, аталған мемлекеттік мекемелерді бөлу және бекіту жұмыстары күздің екінші айына дейін жалғасады. Яғни, бірінші қазаннан бастап аудандық ішкі саясат пен мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдері, кәсіпкерлік және ауылшарушалығы мен жер қатынастары бөлімдері, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері өз алдарына бөлініп шығып, жұмыстарын бастайтын болады. Бұған қатысты шешімге ешкімнің алып-қосары болмағандықтан, оның жобасы депутаттардың тарапынан қолдау тауып, бекітілді.
Ал, төртінші мәселе еңбек өтілін анықтайтын аудандық арнаулы комиссияның жаңа құрамын бекітуге, бесінші Қарасай ауданының жер комиссиясының құрамына өзгерістер енгізуге, алтыншы Гүлхан Аманжолованың өмірден өтуіне байланысты оның аудандық мәслихат депутаты ретінде өкілеттігін тоқтатуға, жетінші аудандық мәслихаты төрағасының еңбек демалысына кетуге қатысты болды. Жалпы сессияда талқыға түскен мәселелер толығымен қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.