Ауыл әкімдерін халық тікелей таңдайды

Ауыл әкімдерін халық тікелей таңдайды

Ел Президенті Қ.Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында елдегі саяси мәселелерге баса назар аударып, кеңінен тоқталғаны белгілі. Әсіресе, ауыл әкімдерін сайлау туралы айтқаны елең етер жаңалық болып, осы уақытқа дейін талай талқыға түсті. Президенттің бастамасын ескерген Парламент сенаты жақында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конститу­циялық заң жобасын қабылдады. Алдағы уақытта әр аймақтың сайлау комиссиясына артылар жүк те жеңіл емес. Сайлау жүйесіне қатысты өзгерісттерді Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалия Аманова жан-жақты айтып, түсіндірді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

Ғалия Матанқызының айтуынша, қала және ауыл әкімі болуға ниетті азаматтарға үміткер ретінде қойылатын нақты талаптар бар.  Үміткерлер алдымен ҚР-ның азаматы болуы тиіс, олардың жасы 25-тен төмен болмауы ескеріледі, сотталмаған және мемлекеттік қызметте кемі екі жыл жұмыс істегені маңызды. Одан бөлек, жоғары білімі болуы – басты шарттардың бірі. «Осыларға лайықтымын» деген кез келген азамат ауыл немесе қала басшысы болуға толық құқығы бар. Тағы бір айта кететін жайт, бұрынғы әкімнің екінші рет додаға түсуге мүмкіндігі де бар. Жаңадан таңдалған әкімдер 4 жылға сайланып, өздеріне жүктелген міндетті атқаруы тиіс. Алайда, басқа қызмет орындары сияқты оларға да өз еркімен қызметтен кетуіне де рұқсат етіледі.

Сондай-ақ, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалия Аманова жаңа заң жобасы бойынша әкім болуға ұмтылысы бар кандидаттар қалай іріктелетінін де түсіндірді.

– Біріншіден, өз әкімін сайлайтын жергілікті халық үміткерлерді өздері де ұсына алады. Екіншіден, Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша еліміздегі партиялар да мемлекеттік қызметке лайық деп табатын, ауылдың тұрмыс-тіршілігін, ахуалын жақсы білетін партияластарының бірін үмітерлердің қатарына қосуға толық құқығы бар. Сонымен қатар, ауыл әкімдерінің сайлауы барысында кандидаттарды ұсынудың тағы бір жолы қарастырылған. Яғни, оларды тіркеуге 5 күн қалғанда ұсынылған үміткерлер саны екіге жетпесе, онда аудан әкімі жергілікті қоғамдастықпен ақылдаса келе, бір кандидатты ұсынуға болады. Оларды тіркеу жергілікті басылымда күнтізбелік жоспар жарияланған күннен басталады. Ал, сайлауға дейін 15 қалғанда басқа үміткерлер қабылданбайды, – деді Ғ.Аманова.

Ресми мәлімдемеге сүйенсек, ауыл арасынан өзін ұсынатын азамат кандидаттардың тізіміне іліну үшін кем дегенде жергілікті сайлаушы халықтың 1%-ға шақ келетін қолын жинауы тиіс. Бұл сақталатын норманың өзі сайлау процесінде бәсеклестікті қамтамасыз ететін, демократия деген ұғымның өте маңызды екенін көрсетеді деуге болады.

Жақында ауданымыз бойынша халықтың таңдауымен алғашқы болып Елтай ауылдық округі әкімі сайланатыны белгілі. Бұл жайында да Ғалия Матанқызы толығырақ айтып өтті.

– Қарасай ауданы бойынша қазіргі уақытта Елтай ауылдық округінің әкімі лауазымы бос. Бұрынғы әкімі өз еркімен қызметінен кеткен соң, жаңа сайлау жүйесі аталмыш ауылдық округте өткелі жатыр. Оның да болатын күні алыс емес. Қосымша ақпаратты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияладық.  Жалпы, бұл округтегі сайлаушы халықтың саны 10715 адамды құрайды. Оларға арналған 8 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Барлығы да сайлау науқанына дайын. Тіпті, қазіргі елдегі ахуалға байланысты санитарлық талаптарды да ескерудеміз.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях