Оқушылар журналистермен жүздесті

Оқушылар журналистермен жүздесті

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

Киелі қара шаңырақ болып саналатын, қабырғасынан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлынан бастап көптеген дара да дана тұлғалар білім алып, үлкен өмірге қанат қағып, түлеп ұшқан Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектеп-гимназиясына 80 жыл толмақшы. Келер жылы атап өтілетін үлкен мерейтойға білім ордасының ұйымшыл ұжымы, директоры Тұрсын Сайбырованың басшылығымен, дайындықты биылдан бастап, мәні мен маңызы астасқан, қызықты да қыр-сырлы шараларды қолға ала бастаған. Солардың бірі ретінде бүгін өткен мектеп оқушыларының Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газетін бұрын басқарған редакторлармен, сонымен қатар, қазіргі басшысымен және тілшілерімен кездесуін атап өтпеске болмас. Ондағы мақсат – мектеп пен редакция арасындағы байланысты әрі қарай да нығайтып, білім мен ақпараттық салада аянбай тер төккен ардақты адамдарды өскелең ұрпаққа үлгі ету. Олардың шығармашылыққа, өнерге, өлеңге деген қызығушылықтарын оятып, құмарлықтарын арттыра түсу.

Бұл жиын барысында жасөспірімдер ауданымыздың дамуына өзіндік үлестерін қосқан, бүгінде сол бейнетінің зейнетіне кенеліп, ел ықыласына бөленіп, құрмет биігінен көрініп отырған танымал тұлғалармен жүздесуге, олардың өнегелі әңгімелерін тыңдауға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, газеттің бұрынғы редакторлары, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері, бірнеше кітаптардың авторы, ақын Шекербек Садыханұлы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Өтесін Иманқұлов, ардагер ұстаз Баян Әбдікерімқызы, аудандық басылымның қазіргі директор-бас редакторы Атлана Исаеваға оқушылар өздерін қызықтыратын сауалдарын қойып, журналисттік өмірдің қызығы мен қиынын қатар көрген жандардың жақсы естеліктеріне қанық болды. Сонымен қатар, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқулқызы газеттің алғашқы жылдардағы білікті басшыларының бірі, ҰОС ардагері, бүгінде жасы 97-ден асқан шежіреші қарт, аталған қоғамға талай жыл төрағалық етіп, тіліміздің мерейін өсіру жолында тынымсыз еңбек етіп, тер төккен абыз ақсақал Үсенбай Тастанбековтың сырқаттануына орай, кездесуге келе  алмауына байланысты, ыстық ықыласы мен жақсы тілегін жеткізді. Одан бөлек, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сайлаубек Қыдыралиев, Абай мектеп-гимназиясын ұзақ жыл басқарған Мария Мұқанова, аудандық білім бөлімінің бас маманы Құндыз Шорақызы, және тағы да басқа ұлағатты ұстаздар сөз сөйлеп тәрбиелік маңызы зор тұщымды әңгімелер өрбіген, астары терең жақсы жүздесу үшін білім ордасының ұжымына үлкен алғыстарын білдірді.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях