«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қой шаруашылығын дамытуда

«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қой шаруашылығын дамытуда

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. Аталмыш бағдарламаның пайдасын Талғар ауданының тұрғындары да көруде.

Мемлекеттік қолдауға ие болу бақытына ие болғандардың бірі – Ерлан мен Меруерт Тленшиевтердің отбасы. Осыған дейін ірі мал өсірумен айналысып келген Панфилов ауылдық округінің тұрғындары бүгінде бағдарлама көмегімен қой шаруашылығын дамытуда, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Өздерінің кең жайылымы мен егіні бар шаруа қожалығын одан әрі кеңейтуді мақсат еткен ерлі-зайыптылар ірі малды өсірумен қатар қой шаруашылығымен айналысуды ұйғарған. Бұл жоспарларын іске асыру үшін олар «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, жеңілдетілген несие алуға өтініш білдірген. Мұқият іріктеуден өтіп, арнайы комиссияның шешімімен кәсіптерін дамыту үшін Тленшиевтердің отбасы 8 миллион 625 мың теңге несие алып, оған 127 бас қой мен жем-шөп сатып алған.

Қожалығындағы жер кең әрі қолайлы, малға қажет азықтың жеткілікті болғандығынан жайлауда ұсталған қойлар бір айдың ішінде төлдей бастап, олардың саны бүгінде екі жүзге жеткен. Ерлан Тленшиевтің айтуынша, олар осындай қолайлы болжамдармен бір жыл ішінде отарды бес жүз басқа дейін көбеюі әбден мүмкін. Ең бастысы, жайылымға арналған жер, ал суық мезгілде жас мал ұстауға арналған сарайлар дұрыс болуы қажет.

«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының пайдасын көріп отырған Тленшиев отбасының отағасының айтуынша, қазіргі уақытта ауылды жерлердегілер үшін мал шаруашылығымен айналысу қажет. Себебі бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында түрлі бастамалар іске асуда. Соның ішіндегі «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасалған тиімді бағдарлама. Бұл әрі бизнеске жақсы көмек, әрі оны дамуға қолайлы мүмкіндік.

– Ауылдастарымның, бала-шағамның қалаға көшпей-ақ ауылда тұрғанын қалаймын. Әрине ол үшін ауылда айналысатындай жұмыс болуы керек екенін түсінемін. Осы ретте ауылда ең қолайлы жұмыс ол – егістік пен мал шаруашылығы. Оның үстіне бүгінде жермен айналысатындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуда. Соның арқасында қазір жастарымыздың ауылға қайтып, несие алып, өз бетінше жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Бұл өте жақсы үрдіс деп ойлаймын», – дейді Ерлан Тленшиев.

Айта кетейік, жалпы бүгінде Талғар ауданында 200-ден астам тұрғын «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға және өз ісін дамыту үшін жеңілдікті несие алуға өтініш білдірген. Мұқият іріктеуден өткен жылы 24 жоба мақұлданды. 645 миллион теңгеге 75 өтініш арнайы комиссияның шешімін күтіп тұр.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях