Қаскелең қаласында туып-өскен Асылбек Жалдыбаевтың өмірі мен тағдыры тыңдаған адамға бір терең мағыналы мотивациялық фильмге арқау болатындай әсер қалдырады. Әсіресе, соңғы алты жыл оны күрт өзгертті. Қас-қағым сәтте болған көлік апатының салдарынан тепсе темір үзетін жігіттің төсекке таңылуы, жарқын болашаққа деген жоспарлары көп жоғары білімді заңгердің аяқ асты бірінші топтағы мүгедек атанып шыға келуі, көңілдегі өкініш пен келешекке деген сенімсіздік… Мұның барлығы да бүтіндей бір отбасының бастан өткерген қиын шақтары еді. Алайда, Жаратқан сүйген құлына көтере алмайтын сынақ берген бе? Қазір, еңсесін тіктеп, алдағы күндерге үлкен үмітін үкілеп, өзі тағдырлас жандарға жәрдем беріп, жігерлендіріп, жетістікке жетелегісі келетін, үлкен бір үлгі боларлық іс жасап, өзінің оңалту орталығын ашып отырған шақта Асылбек бұл туралы әңгіме қозғаудан бас тартпайды. Өйткені, туа болсын, жүре болсын мүмкіндігі шектелген адамдардың қоғам ортасынан шеткері қалмай, толыққанды тіршілік кешкенін қалайды. Оларды сауықтырудың жолдары тиімді әрі қолжетімді қылуды мақсат етеді. Орталықтың «Күш-қуат» аталуы да сондықтан.
Қаскелең қаласындағы «Алтын Ауыл» ықшам ауданы, №22 үйдің жертөлесінде жақында ғана пайда болған бұл залды әлі көп ешкім біле бермеуі мүмкін. Мұндағы жаттығу құрылғылары да ерекшелігімен бірден көзге түседі. Себебі, олар науқас адамның түрлі бұлшық етіне, жүйке нүктелеріне, аурудың деңгейіне қарай ойластырылып, қолдан жасалған. Жалпы зал 40 адамға есептелген.
- Он екі мүшесі сау адам мүгедектің жағдайын жүз пайызға толық түсіне алмайды, — дейді Асылбек әңгіме барысында. – Мен өз басымнан өткерген соң мұны жақсы түсіндім. Қимыл-қозғалыссыз жатып қалсаң, бұлшық етің солып, сезім мүшелерің, жүйке жасушалары түгел жансыздана береді. Оларды ояту үшін үздіксіз жаттығу қажет. Ал, өкінішке орай, мүмкіндігі шектеулі науқастарды жаттықтыратын орындар өте аз. Тіпті, бар деген күннің өзінде онда жағдайы келетіндер ғана бара алады. Себебі, сағатына 3-5 мыңнан төлеуді екінің бірінің қалтасы көтере бермейді ғой? Басқа қалаға барсаңыз, жолыңның, жатар орныңның шығыны тағы қосылады. Ай сайын алатын азғантай жәрдемақыны мұның барлығына қалай жеткізуге болады? Сондықтан, осы залды ашуды, өзіме ғана емес, өзім сияқты өзгелерге де көмектесуді жөн көрдім.
Иә, соңғы алты жыл бойы аяқтан тұруды арманға ғана айналдырмай, сол үшін үзбей әрекет етуге көшкен жас жігіт ертеңіне өте сенімді. 2011 жылдың 1-шілдесінде жантүршігерлік апаттан соң 20 күн ес-түссіз жатып, өз-өзіне келіп, мойын омыртқасы сынғанын білгенде үлкен қолдау көрсетіп, қасынан кетпеген жанашырларына, әсіресе, екінші рет өмір сыйлаған ата-анасына деген оның алғысы шексіз. Бір қызығы, кейін белгілі болғандай, дәрігерлер бұның келешегіне күмәнмен қараған екен. Алайда, көзі ғана жәудіреп, бүкіл денесі жансызданған жігіттің көрер қиыны да, қызығы да алда болып шықты. Араларына біраз уақыт салып жасалған екі күрделі ота мен тынымсыз жаттығу, ең бастысы бойдағы жігер мен санадағы сенімділіктің нәтижесі – оның денесін көтеріп, қимыл-қозғалысқа келуі. Асылбектің сөзіне сүйенсек, екі жыл мүлдем жатып қалған бастапқы кезде өте көп салмақ тастаған. Әкесі Серікбай мен анасы Балқия тұңғыш балаларының жазылуы үшін барынша тырысып, елдегі де, шетелдегі де оңалту орталықтарына апарған. Сол кездері кейіпкеріміз босқа жүрмей, емделумен қатар, қандай жаттығу не үшін пайдалы екенін, қалай тезірек аяққа тұруға болатынын зерттеуге кіріскен.
- Түрлі қалаларда ем алған уақытта қаншама адамды кездестірдім. Аллаға шүкір, менің қолым қимылға келеді, ақыл-есім дұрыс, анық сөйлеймін, көре аламын. Қарасам, қараңғы түнекте өмір сүріп, айналасында не болып жатқандығын сезбейтін, мүмкіндігі ғана емес, уақыты да шектелген жандар бар екен. Ендеше мен неге салымды суға жіберіп, жақындарыма масыл болуым керек? Керісінше, Құдай маған мына өмірде тіршілігімді жалғастыруға қайта мүмкіндік берсе, мен қалайша осы аманатқа қиянат жасамақпын? Алға ұмтылуым керек екенін түсініп, бойымда тың жігер пайда бола бастады – дейді кәсіпкер жігіт тағы да.
Өзі ғана ұмтылмай, тағдыры ауыр жандарға да қол ұшын созуды мақсат еткен Асылбек екінші отадан соң жағдайының әлдеқайда жақсара түскенін алға тартады. Қазір Алматыдағы №12 орталық қалалық клиникалық ауруханададағы нейро-хирург Анатолий Остапенконың жіті қадағалауымен сауығып келеді. Қарасай аудандық «Жігер — М» мүгедектер қоғамында да тіркеліп, түрлі деңгейдегі параолимпиадалық ойындарда жүзуден жүлделі орындарды да қанжығасына байлап жүр. Мұның, әрине, бұлшық еттерінің қатайып, денесінің мығымдала түсуіне пайдасы зор.
Осыдан екі жылдай уақыт бұрын Асылбек қолмен басқарылатын мүгедектерге арналған автокөлік сатып алады. Бұрын үйден шыққанымен әрі-бері қатынауы қиын болса, енді ол үшін жаңа жол ашылғанlfq еді.
Адам адамға кездейсоқ жолықпайтын көрінеді. Бұны орталықты сенімді досының көмегімен ашып отырған жігіт жақсы түсінгендей. Олай дейтініміз, осы көлігі бұзылып, жөндейтін шебер іздегенде ол мықты маман Наурыз Кукумовпен танысады. Алматыдағы азаматтық авиация академиясының бакалавриаты мен магистратурасын тәмамдаған, техниканың тілін жақсы меңгерген маман бір жылдары «Air — Astana» және тағы да басқа ірі компанияларда жұмыс істеп, шеберлігін шыңдай түскен. Түрлі тұрмыстық заттардан бастап, көліктің кез-келген ақауын жөндейтін жігітпен достығы жарасқан Асылбек өзінің болашаққа деген үлкен жоспарларының шет-жағасын айтады. Сөйтіп, «Жақсы істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, тәуекелге бел буып, жұмыс бастала кетті. Алдымен олар біртіндеп балтыр, сан, қол бұлшықеттерін қозғалтуға, еңбектеуге, тартылуға, әрбір жүйке жасушасына жан бітіруге арналған құрылғыларды ойластырып, қолдан жасай бастайды. Оның барлығында Асылбек өзі жаттығып, тиімділіктерін, артықшылықтарын бағамдап көрді.
Орталық ашу және ол үшін ғимарат табу барысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалы оған көмекке келді. Алдымен «Бизнес — Кеңесші» курсында іскерлік біліктілігін арттыру үшін білім алды. Сосын, әкімдіктің қолдауымен «Алтын Ауыл» ықшам ауданынан тиімді бағаға жалға алатын орын табылды.
- Бұл орталық негізі ата-анамның арқасында қаланды. Болашағынан күдер үзбеген, бойында жігері бар жандар келіп, үздіксіз жаттығудың арқасында жағдайлары жақсара түссе – менің мақсатымның орындалғаны сол болар еді, — дейді Асылбек Серікбайұлы сөз соңында. – Әзірге келушілер аз. Үш-төрт адамды ғана жұмыспен қамтып отырмыз. Ісіміз алға басса олардың да саны артады. Бұл біздің ауданымыздағы алғашқы оңалту орталығы. Ал, келешекте жер алып, үлкен жеке ғимарат салу жоспарымда бар. Жоғарыда айтқанымдай, шетелде, Қазақстанда да түрлі емдеу мекемелерінде болдым. Сонда денсаулыққа тиімді көп дүниені көкейіме түйдім. Үлкен кешен ашсам, онда еңбектеп келген адам аяғынан жүріп кететіндей, барлық жағдайды қарастырғым келеді. Ең бастысы барлық ем-дом қолжетімді болар еді. Сонымен қатар, арбаға таңылған адамдарды қолмен басқарылатын көліктерді жүргізуге үйрететін автомектептер қажет. Бір сөзбен айтқанда, жоспарларым өте көп. Бастысы, Алла соған жетуге нәсіп етсін. Арманым туралы сұрап отырсыз ғой. Мен ең басты арман – деніңнің сау, жақындарыңның аман болғаны екенін түсіндім. Басқасы адамның өз қолында. Тек алдыңа мақсат қойып, соған жететін талпыныс, ізденіс, күш-жігер, жүректе иман болуы керек екен…