Аудан әкімі ардагерлерді ардақтады

Аудан әкімі ардагерлерді ардақтады

Жаңа жылдың алдында, аудан әкімі Махаббат Бигелдиев нағыз атқамінер азаматқа тән мәнез танытып, кісілік пен кішілікті қатар ұстаған қалтқысыз қағидасынан аттамай, ауданымыздағы ардагерлерге арнайы барып құрмет көрсетті. Нақты айтқанда, қарасайлық қадірменді қарияларды Жаңа жылмен құттықтап, сый-сияпатын ұсынып, олардың ризашылығына бөленді.

Алдымен, Махаббат Садуақасұлы мен аудандық мәслихаттың хатшысы Еділ Қалиев ҰОС ардагері, қазіргі таңда 97 жасқа толса да қолынан қаламын тастамаған қарт журналист, шежіреші абыз қарт Үсенбай Тастанбековтың үйіне бет алды. Қадірменді қонақтарды қуана қарсы алған ақсақал өткен күндерді ой елегінен өткізе отыра, тарих қатпарларын ақтара біраз сыр шертіп, тағлымы мол жақсы әңгіменің тиегін қозғап, қауырт жұмыстан қалт еткен уақытта арнайы ат басын бұрған басшы азаматтарға аталық ақ ниетін білдіріп, ақыл-кеңестері мен ұсыныстарын да жеткізді. Аудан басшысы өз кезегінде абыз ақсақалға жақсы тілегін жеткізіп, ғасырға жақындап қалған ғұмырына мықты денсаулық пен қажымас қайрат тілеп, төсқалта сағатын естелікке ұсынды.

Мұнан кейін М.Бигелдиев сесен жастың сеңгіріне жақындап қалса да, белсенділігі мен беделін жоғалтпай, аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып отырған Шара Қанатқұлқызының шаңырағында болды. Ардагер ұстаз, ақылман ана да мереке қарсаңында құшағын гүлге толтырып, тәтті-дәмді салынған себетті сыйға тартқан аудан әкімінің ілтипатына ізгі лебізін білдірді. Осында да, ақ дастархан басында әдемі әңгіме өріліп, тіл, дін, имандылық мәселесі жөнінде жақсы ойлар айтылды. Елбасының ұстазы ретінде есімі ерекше аталатын, бар саналы ғұмырын ауданымыздың білім беру саласына арнаған ардагер Сейітхан Исаев та құттықтауға келген қадірменді қонақтарды құшақ жая, жылы шыраймен қарсы алды. Бұл жерде де жағдай сұрасып, жайғасқан соң, аудандық мәслихат хатшысы Еділ Әбуұлы қарияға ақ ниетке толы тілегін жеткізді. Ал, 1945 жылы Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысқан қарт сарбаз Федор Федотов болса, жасы жүзге жақындаса да бойдағы жігерін жоғалтпағанын байқатып, келгендерді өзі сырттан күтіп алды. Әдемі әңгіме барысын әзіл-қалжыңмен өрнектеп, өткен күндерден естелік тарқатқан қария бүгінгі бейбіт өмірге, көрсетілген кең пейілге ризашылығын білдірді.

Соңғы бет алған бағыт Алмалыбақ ауылы еді. Өйткені, онда қарасайлық тағы бір құрметті азаматы, еңбек ардагері Баталов Азизбек Ғаббасұлы тұратын. Бұл күні аудан басшысы танытқан ілтипаттан ол кісі де құр қалған жоқ. Ақ тілектер ақтарылып, алғысқа толы көңіл көлдей тасыған салиқалы сұхбат көкейге көп ой түйдіріп, кездесу барысы келер күннің бір қатпарында сақталар естелік суретке түсумен түйінделді.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях