Ауылдағы Ақгүлдің орталығы

Ауылдағы Ақгүлдің орталығы

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында бірінші басымдықтың үшінші кешенді міндеті – еңбек нарығын жаңғырту болып табылады. Осы орайда, халықты еңбекке араластырып, әлеуметтік-экономикалық жағынан жәрдемдесу және іскер азаматтарды ынталандыру мақсатында 2017 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» жүзеге асырыла бастады. Жоба еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті, дағдыларды меңгерудің тиімді жүйесін дамытуға бағытталған. Аталған бағдарлама аясында былтыр ауданымызда 58 адам барлығы 78 млн 200 мың теңге көлеміне несие алып, бірі іскерлік әлеміне жаңадан қадам басса, келесісі қолға алған шаруасының ауқымын кеңейте түсуге мүмкіндік алған. Солардың қатарында Жамбыл ауылының тұрғыны Ақгүл Нусупбаева да бар.

Алып мегаполистегі Қазақ ұлттық аграрлық университетін «есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген алматылық бойжеткен аталған елді мекенге келін болып түсіп, екі жыл декреттік демалыста отырады. Сосын, ауыл халқының тыныс-тіршілігімен, әлеуметтік жағдайымен жақын таныса келе жан-жары Мақсатпен тұрғындарға да өздеріне де пайдасы болар бір шаруаны қолға алуды ұйғарады. Бүгінгі таңда, әсіресе, жас кәсіпкерлерге жақсы көңіл бөлінетінінен хабардар болған олар бірден «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына келіп, алдымен Ақгүл іскерлік әлемінің қыр-сырына қанығу үшін үш ай «Бизнес-кеңесші» курсына қатысады. Қолына сертификаты тиген соң аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 бағдарламасының» ІІ бағыты бойынша, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» несие алған. Осылай жас жұбайлар өз меншігіндегі жер теліміне аумағы 550 шаршы метр екі қабатты ғимарат тұрғызған.

[su_custom_gallery source=»media: 5436,5435,5434,5433,5432,5431,5430″ limit=»100″ link=»lightbox» width=»150″ height=»150″]

Қазір мұндағы тіршілік қызып тұр деуге болады. Астыңғы қабатындағы дүкен мен сән салонынан келушілердің аяғы сиремейді. Сондай-ақ, жеке ғимараты жоқ ауылдық пошта бөлімшесіне де жас кәсіпкер аздаған қаражатқа ғана жалға орын тауып берген. Ал, жоғарғы қабат түгелдей білім беру орталығына арналған. Енді ауыл балалары бос уақыттарын тиімді өткізуге және оқығандарын тереңдете түсуге мүмкіндік алып отыр. Ағылшын тілі, ментальді арифметика кабинеттеріне келушілер қатары күннен-күнге артып келе жатса, осында хореография, домбыра үйірмесіне барып қана қоймай, фитнеспен де шұғылдануға болады. Биыл Ақгүл мен Мақсат ауылдағы мектепке барып өз орталықтарынан бес грант бөлгенін, яғни, үш ай тегін оқуға бес балаға жағдай туғызып отырғанын мәлімдеген. Осылай, оқу орнынан әлеуметтік жағдайы төмен оқушылар анықталып, соңғы қоңырау салтанатында арнайы сертификаттар тапсырылған. Бұл да жас кәсіпкердің бизнес әлеміне бойлай түсіп, жаңа қырымен танылғысы келетінін аңғартса керек.

  • Елімізде кәсіпкерлерге қолдау шын мәнінде де бар, — дейді Ақгүл Аманжолқызы сөз соңында. – Тек жоспарың анық, ісің нық болуы тиіс. Бұл ретте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бағыттайтын оқу курстары жақсы жол көрсетеді. Тек қорықпай кірісіп, басын бастап аяғынан ерініп қолды бір сілтей салмай алға мақсат қойып ұмтылу қажет. Ал, мемлекеттен берілетін несие өте тиімді, 5,9 пайыз ғана. Келешекке деген жоспарларымыз көп. Алла қаласа жаңа жұмыс орындарын ашып, осындай қамқорлық көрсетіп отырған мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосқымыз келеді.
Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях