Бүгінде Ұйғыр ауданының барлық елді мекендерін газдандыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде аудан орталығы Шонжы аулы тұрғындарының 60 пайызға жуығы көгілдір отынға қосылған. Биылғы жылы Шарын, Тасқарасу, Бахар ауылдарында газ құбырының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталатын болады, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жоспарға сәйкес, аудан орталығынан шалғай жатқан Кетпен ауылына да газдандыру жұмыстарын жүргізу жолға қойылған. Қазіргі уақытта газ құбыры мен газ тарату желілерін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Еске сала кетсек, осыдан бес жыл бұрын Ұйғыр ауданының әкімшілігі мен «Азия Газ Шонжы» ЖШС басшылығы елді мекендерді газдандыру бойынша ауқымды науқанды қолға алған болатын. Ең алдымен Шарын автоматты газ тарату стансасын салып, ұзындығы 10 шақырым газ құбырын, 80 шақырым ауылішілік желілерді жүргіздік. Алғашқы абоненттер қатарында екі мың отбасы көгілдір отынға қосылған.
Мұнан бөлек бүгінде ауданда Қалжат, Кіші Дихан, Үлкен Дихан және Кетпен ауылдарына тарату желілері бар АГРС-2 газ құбырын тарту жоспарлануда. Осы жобаны жүзеге асырудың арқасында тау етегі аймағында орналасқан елді мекендердің барлығы көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болады.
Қазіргі таңда аудан басшылығы тарапынан тұрғындарды газбен, ауыз сумен, жақсы жолдармен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты шараларды қолға алуда. Ал мемлекеттен көрсетілетін жан-жақты қолдаудың арқасында ауданда ақырындап өркениет игілігі қолжетімді болып келеді.