Астанадағы өрт салдарынан 5 бала қаза тапты

Астанадағы өрт салдарынан 5 бала қаза тапты

Астана қаласындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында  өрт кезінде 5  бала қаза тапты, деп хабарлайды  Karasayinfo.kz желілік басылымы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Қалалық өрт сөндіру қызметіне қайғылы жағдай туралы хабар 4-ақпан күні түнгі сағат 02:34 түскен. Мәлімет бойынша, Сарыарқа ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйдің аумағындағы уақытша құрылыс нысаны отқа оранған. Жалын 30 шаршы метр аумақты шарпып, салдарынан 25 шаршы метр болатын шатыр опырылып түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері тілсіз жауды сағат 03:06 ауыздықтап, сағат 03:24 толық сөндірген. Қызыл жалынды сөндіруге Астана қалалық ТЖД жеке құрамының 17 маманы мен бес өрт сөндіру техникасы, ТЖК ОӨАЖҚЖ жеке құрамының 4 маманы мен бір техникасы жұмылдырылды.

Өртті сөндіру барысында табылған 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туылған балалардың   ең кішісі небәрі үш айлық.   Олардың ата-аналары оқиға кезінде жұмыста болған.

Орын алған қайғылы жағдайға байланысты Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов шұғыл жиын өткізді

– Осы жағдайға душар болған отбасына қайғыра көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды, қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеуде. Зардап шеккен отбасына қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. «Сарыарқа» ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырамын, – деді қала әкімі.

ТЖД бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев айтуынша осыған дейін «Көктал-1» тұрғын үй алабында өрт және басқа да төтенше жағдайлар болдырмау үшін профилактикалық жұмыстар жүргізілген. ТЖД-нің қызметкерлері бұл үйге барған, олқылықтарды жою үшін ескертпе берілген екен.

Бақыт Сұлтанов жақын уақытта аудан әкімдері мен төтенше жағдайлар департаменті және полицияға бірлесіп дереу жеке сектордағы әр үйге барып өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау тұрғысында тексеріс, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті.

– Бұл сіздердің тікелей жұмыстарыңыз, мен әрқашан айтып отырмауым керек! Баяғыда жүргізу керек еді, міндетті түрде қайғылы оқиғаны күтесіздер ме?! Бұл ТЖД-нің қателігі. Сіздер жеке секторда тұратын әр адамды жекелей тануларыңыз керек, – деді ол.

Қала әкімі құзыретті органдарға болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауды тапсырды.

 

Фото: ҚР ІІМ ТЖК

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях