Қарасайлық  оқырмандарымен кездесті

0
2373

Облыстық «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінің шыға бастағанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай белгіленген мерекелік іс-шаралардың бірі жер-жерде оқырмандармен жүздесу, пікірлесу еді.

Кеше «Өлке тынысы» жауапкершілгі шектеулі серіктестігінің директоры Мейрам Жанәділов, «Жетісу» газетінің редакция меңгерушісі Қуаныш Тұңғатар, «Огни Алатау» газетінің редакция меңгерушісі Алексей Склабовский, осы газеттердің ауданымыздағы меншікті тілшілері Қуат Қайранбаев пен Танзиля Мухтарова қарасайлық белсенді авторларымен және жанашыр  оқырмандарымен кездесті.

Абай атындағы мектеп-гимназияда өткен бұл бас қосуды аталған қос газетті шығаратын «Өлке тынысы» ЖШС басшысы М. Жанәділов ашып, қоғамдағы бұқаралық ақпарат құралдарының мән-маңызына кеңінен тоқталды, бір ғасыр бұрын дүниеге келген облыстық газеттердің алғашқы қаз тұрып, қадам басқаннан осы күнге дейін өзінің танымдық, тәрбиелік міндетіне, насихаттық, көпшілік-түсіндіру жұмысына адал болғанын атап айтты.

Мұнан кейін кезекті Қ. Тұңғатар алып, жүз жастағы  басылымның тарихи бастауы, жүріп өткен ұзақ жолы жайына жан-жақты баяндады.

Сол сияқты А.Склабовский де осы бағытта орнықты сөз өрбітті.

Кездесуде Кемертоған орта мектебінің мұғалімі Бақытбек Ата, Жамбыл ауылдық  округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Толынбеков, баспасөз ардагері Өтесін Құбиев, Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов, Ұмтыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Елтай Хасенов, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, еңбек ардагері Ағабек Шалғынбаев, журналист, ақын Қанат Тәкебаев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, Қаскелең қаласы әкімдігінің бас маманы Әмина Абдраманова сөз алып, қос басылым өкілдерін мерейтойларымен құттықтады, екеуін де өздерінің қызыға оқитындықтарын айтты, газет жұмысына байланысты ұсыныс-тілектерін жеткізді, алда да өзекті мәселелерді көтеретін қызықты, тартымды, ойлы мақалаларды күтетіндіктерін білдірді.

Соңынан  М. Жанәділов пен А. Склабовский «Жетісу» мен «Огни Алатаудың» қарасайлық белсенді авторлары мен оқырмандары – Ө.Құбиевке, А. Толынбековке, Ұ. Өтееваға, Қ. Тәкебаевқа, А. Өтебаевқа сыйлыққа микротолқынды пеш тапсырып, мақтау қағазын берді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь