Алматы облысында Бикен Римова атындағы драма театрында Мұқан Төлебаев атындағы V Халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлер мен «Кестелі орамал» вокалистер байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облыстық өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Дәстүрге айналған рухани шараны облыстық әкімдік, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды. Шараға екі номинация бойынша 52 вокалист, 30 дирижер қатысуға ниет білдірді. Олардың арасынан суырылып шығып ақтық сында 11 вокалист, 10 дирижер бақтарын сынады.
Алматы облысы әкімінің тікелей қолдауымен өтіп жатқан байқаудың деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Бұл жолы қазылар алқасының құрамына қатысушылардың өнерін бағалау үшін халықаралық деңгейдегі білікті мамандар шақырылды. Атап айтқанда, Өзбекстан Республикасының халық әртісі, профессор, дирижер Фарух Сыдықов, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі, Гнесин атындағы Ресей музыка академиясының оркестрмен дирижерлау кафедрасының меңгерушісі, профессор Борис Ворон, АҚШ Мобил Университетінің фортепиано кафедрасының меңгерушісі, музыка ғылымдарының докторы Хадиша Оңалбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, дирижер Әли Алпысбаев және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Жылтыркөзов сынды музыка саласының майталмандары өнерпаздардың деңгейлерін сарапқа салды. Тартысқа толы өткен байқауға қатысушылардың барлығы да талантты, талпыныстары зор. Анықталған жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлықтар табысталды.
ІІІ орын мен 200 000 теңге көлеміндегі жүлдені дирижерлер арасында алматылық Әбдіберікұлы Бекболат, Талдықорған қаласынан Есбергенов Медет, Шымкент қаласынан Исмаилов Қуаныш алса, вокалистердің ішінен Алматы қаласынан Сәдуақасов Дамир мен Алматы облысынан Малибекова Мадина иеленді. Жүлделі 300 000 теңге сыйапатымен ІІ орынды вокалистер арасында Алматы қаласынан Баркенов Балуан мен Көшкенбаев Дінмұхамед жеңіп алса, дирижерлер арасынан АҚШ-тың Канзас қаласынан келген Садиков Шохрух қанжығасына байлады. І дәрежелі диплом мен 600 000 теңгені дирижерлер арасынан Қостанай облысынан Берік Оразалин мен Мәскеу қаласынан келген Анастасия Лоботая ұтса, вокалистер арасынан Ташкент қаласынан келген Пиязов Ақылбек пен Нұр-Сұлтан қаласынан Алдадосова Гүлдана Әділгерейқызы алды. Ал, дирижерлар байқауы бойынша лауреат атанып, бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан келген Руслан Баймурзин жеңіп алды. Ал, вокал номинациясы бойынша қызылордалық дарын иесі Азат Мәліктің алдына түсер ешкім болған жоқ.