Алматыда сел жүру қаупі бар

Алматыда сел жүру қаупі бар

Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзенінде сел жүру қаупі төніп тұрғандықтан дабыл жарияланды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы  ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Қарғалы өзені ағатын Наурызбай ауданында сел жүру қаупі бар, себебі судың деңгейі күрт төмендеген және бөгетті кез келген сәтте бұзып кетуі мүмкін. Мүмкіндігінше құжаттарыңызды алып, қалаға қарай кетіңіздер. Бөгет бұзылмауы да мүмкін, алайда қауіптің ықтималдығы жоғары»,  деген мәтінде қала тұрғындарына  112 нөмірінен хабарламала келе бастады.

Осыған қатысты  ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин таңертең  жедел баспасөз мәслихатын өткізді.

– Қазіргі уақытта өзендер бастау алатын тау басындағы №1 көлден Алматы қаласына 100% қауіп жоқ деп айта аламыз. Таңғы сағат 6:20-да №1 өзеннің суы тасыған. 2015 жылы да бұл көлден Алматының үш ауданында сел ағып, төтенше жағдай болған еді. Одан бірқатар ғимаратқа, үйлер мен мектептерге зақым келді. Осыдан кейін жергілікті бюджет қаражатынан Наурызбай ауданы аумағындағы өзен арнасын секундына 20 текше метр су ағатындай тұрақтандыру жұмыстары жүргізілді. Сондықтан, қазіргі су көлемі Наурызбай, М.Әуезов аудандарындағы еш қауіп төндірмейді, – деді Юрий Ильин Министрліктер үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, әзірге Алатау ауданында, Т.Рысқұлов даңғылынан төмен Алғабас ауданында да алаңдаушылық бар. Онда қосымша бақылау бекеттері тұрғызылып, өзен арнасын кеңейту мәселелерімен айналысатын инженерлік техника қойылған. Таңертең Қарғалы шатқалының тұрғындарына дабыл құрылғысы арқылы жедел хабар берілді. Наурызбай ауданында зардап шеккен тұрғындарды қабылдайтын орын ашылған.  Бостандық ауданындағы мектептер эвакуация үшін әзірленді. Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзенінің маңындағы газ және электрмен қамту уақытша тоқтатылды, полиция қызметкерлері арасынан 400 адам кезекшілікке тұр.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданындағы сел орнына табылды. Сонымен қатар, қала әкімі сел болады деп қорыққан Алматы қаласының тұрғындарымен де кездесу өткізді.

– Таңертең ҚР ІІМ хабарласып, егер қиын жағдай болатын болса, халықты көшіру керек деген ой болды. 2015 жылғыдай өзен арнасынан тасып, тастар мен лайлы су ағатын болса, тазалау керек болады деп Ұзынағаштан қосымша әскери күштер шақырттық. Ұлттық ұлан сарбаздары күректерін ұстап сақадай сай тұр. Халық алаңдап жазып жатыр. Еріктілер алаңдаулы. Қандай көмек жасайық, не істейік деп жатыр. Осындай қиын жағдайда ауызбіршілік болғаны жақсы. Алматылықтар осы ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп жатыр. Мың да бір рахмет бәріне. Әзірге мамандар өздері атқарып жатыр, – деді Бақытжан Сағынтаев.

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях