Бүгін Райымбек округіндегі К.Әзербаев мектебінде өткен аудан әкімінің есептік жиынында қажетті жер мәселесі шешілсе Бұлақты ауылында жаңа мектеп пен дәрігерлік амбулатория салынатындығы туралы айтылды, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жиын барысында Бұлақты ауылының тұрғындарының барлығы дерлік кішкентай оқушылар баратындай жақын мектептің жоқтығына шағымданып, ауылдың өзіне жаңа білім ордасын тұрғызып беруді сұрады. Тұрғындардың наразылығын тыңдаған аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев ауылға мектеп тұрғызу бұрыннан жоспарда болған, алайда оны салуға жер беремін деген азамат бүгінде жерді заңды түрде әкімдікке бермей отырғандығынан мектептің құрылыс жұмыстары тоқтап тұрғандығын айтты. Егерде аталған азамат құжаттарын заңды түрде рәсімдетіп, өз жерін беретін болса мұнда мектептен бөлек ауыл тұрғындары қажет етіп отырған дәрігерлік амбулаторияда салынатын болады. Дулат Мұратұлы бүгінде осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасарының жауабын естіген жиынға қатысушылар мәселені тез арада өзара шешу үшін аталған азаматпен сөйлесіп, жерді алуға көмек көрсететіндіктерін білдірді.