Жас инженер Алмат Жастар жылының ашылу салтанатына қатысты

Жас инженер Алмат Жастар жылының ашылу салтанатына қатысты

Жақында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен, Астана қаласындағы «EXPO-2017» көрме кешенінің «Нұр әлем» павильонында «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен, Жастар жылының ашылу салтанаты өткені белгілі. Оған еліміздің жас буындардың барлық санатының өкілі қатысты. Олардың ішінде жас кәсіпкерлер мен ғалымдар, дарынды оқушылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, спортшылар мен әскери қызметкерлер, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» байқауының қатысушылары мен «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері, Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің мүшелері мен Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясының жетекшілері, жергілікті атқару органдарының басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері де қатысты. Бұл аса маңызды басқосуда ауданымыздың тұрғыны, Алмат Тәкебаев та қатысты.

Студент кезінен әртүрлі іс-шараларға белсене араласатын Алмат «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтында жақсы жұмысы үшін талай грамота мен мадақтамалар алыпты. Мысалы, «DYNATEST» (Дания) компаниясының сертификаты, автожол саласына қосқан үлесі үшін, Құрылысшы күніне орай – Алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы «Нұр Отан» партиясының Алатау аудандық филиалының ұйымдастыруымен бастауыш партия ұйымы мүшелерінің арасында өткізілген байқауда «Үздік спикер» атанған. Осы жетістіктерін ескерген институт басшылары оны –«Автомобиль жолдарын жобалау және диагностикалау, паспорттау» бөлімінің жетекші инженерін Астанада өткен жастар жылының ашылу салтанатына жас мамандардың атынан жіберген.

Қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп, жемісті білім алып жүрген «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» жиналған форумнан жақсы әсер алған Алмат:

–Жалпы, бұл шараға қатысқандардың бәрінің де көңіл-күйі өте жоғары деңгейде болды. Себебі, Елбасы осы салтанатты жиында жастармен бұған дейін көтерілген мәселелердің шешімін өзі анықтап берді. Оның ішінде, аймақтағы жастар саясатының дұрыс бағытта жүргізіліп жатқанына менің тағы да көзім жетті. Елбасының жұмыс орындары емес, мамандар жоқ деген пікірін естіген боларсыздар. 2014 жылдан бастап өңіріне қажетті мамандар бойынша Ресейдің маңдайалды техникалық оқу орындарында, облыс әкімінің гранты есебінен, жастар оқуға жіберілді. Олардың алғашқы легі биыл бітіріп келді. Сондықтан біздің облыста Елбасының жастар жұмыссыздығы жөнінде көтерген мәселесі бойынша алдағы уақытта жемісті жұмыстар болады деген ойдамын. Елбасы жастардың көңіліндегі тағы бір мәселе – тұрғын үй бойынша да жастарды қолдау, жас ғалымдарға арнайы шәкіртақы бөлу және жастардың жаңа бастамаларын жүзеге асыруға қаржылай көмек көрсету сияқты бағыттарды да айқындап берді. Аталған форум мен үшін ерекше естеліктерімен есімде қалды. Мұндай бақ екінің біріне бұйыра бермейді. Сол үшін де мен бақыттымын! – деді.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях