«Қазақстан ауылдарының үздік жастары» республикалық байқауында ауданның белсенді жастарының бірі Жарқынай Садуованың еңбегі лайықты бағаланып, жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Ауылдағы жастардың еңбегін көрсетіп, әлеуетін арттыруды мақсат еткен «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қоры жақында «Қазақстан ауылдарының үздік жастары» атты республикалық байқау жариялаған болатын. Басты мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға деген қолдауының аясында елімізге еңбегі сіңген ауыл жастарының жұмысын бағалай отырып, үздіктерді анықтау.
Аталған байқауға Қарасай ауданының атынан белсенді жастардың бірі, сондай-ақ аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жарқынай Садуова бақ сынап, еліміз бойынша сынға түскен жастардың қатарынан табыла білді.
Үш кезеңнен тұратын бәсекенің қорытынды шарасы өткен аптаның сенбісі күні Алматы қаласында өтті. Мұнда үздік атануға өтініш білдірген қатысушылардың еңбектері сараланып, жеңімпаздардың есімі белгілі болды. Олардың арасында жоғарыда атап өткен Қарасай аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жарқынай Садуова да болды. Жерлесіміз арнайы төсбелгі мен «Құрмет грамотаға» ие болып, «Қазақстанның үздік ауыл жастары» байқауының жеңімпазы атанды.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар өз тарапынан үздік маман қатыстырғаны үшін деп Қарасай ауданының әкімдігіне де арнай Алғыс хат беріп, ұжымның белсенділігін жоғары санады.