Тарихы терең «Таңбалы тасқа» саяхат

Тарихы терең «Таңбалы тасқа» саяхат

Таяуда, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі «Таңабалы тасқа»  экскурсия ұйымдастырды. Оған, Талдықорған қаласының журналистері мен блогерлері, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің және Қаскелеңдегі Сүлеймен Демирел университетінің студенттері қатысты. Экскурсияны бастап келген жоғарыда аталған мекеменің бас маманы Әнуар Демегеновтың айтуынша, «Сакралды Қазақстан» тізіміне енген киелі жерлерге биыл жетінші рет экскурсия өткізіліп отыр. Бұған дейін, «Орбұлақ» шайқасы болған жерге, «Бұрхан бұлақ», «Қойлық» қаласы, «Бесшатыр» қорымы, «Тамғалы тас» және «Есік мұражайына» саяхат жасалған.

Шамалған ауылындағы Елбасы білім алған Қарасай батыр атындағы орта мектептен бастау алған саяхатқа 26 адам қатысты. Алдымен, мектеп директоры Динара Әлімжанова қарсы алып, мектепті толықтай таныстырып өтсе, кейін «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми жетекшісі Рымкеш Байғонысова музейді аралатты. Блогерлер мен студенттер тарапынан әрқилы сауалдар қойылып, оған қанық жауап қайтарылды. Президентіміз тәлім алған мектеппен танысқан талдықорғандық меймандар білім орда ұжымының қонақжайлылығына ризашылығын білдірді. Көп ұзамай киелі қара шаңырақ басшылығымен қоштасқан саяхатшылар «Таңбалы тасқа» жол тартты.

Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Таңбалы тас» Алматы қаласынан 170 шақырым қашықтықтағы Қарабастау кентінен солтүстік-батыста төрт шақырым алшақ орналасқан. Жан-жағында сайлар, күнге әбден күйген жалпақ гранит тас бар. Көне дәуірден келе жатқан «Таңбалы тас» жазуында ғасырлар бойы Қазақстан өлкесін қоныстанған тайпалардың тасқа жазып түсірген мыңдаған таңбалары және ел басқарушылардың қол қойған аттары, ұрандар, тасқа қиып түсірген әдемі өрнектер, «қошқармүйіз», «түйе табан», «кісінің ізі», «аттың ізі» т.б. таңбалар кездеседі. Қолдарына ұзын найза ұстап, белдеріне қылыш асынған, кейбірі желбірете ту ұстаған 22 салт атты сарбаздың суреті өте көркем бейнеленген.

Сонау, қола дәуірінен қалған сақтар мен ғұндардың тасқа қашаған таңбаларын көргендер шежірелі «Таңбалы тастың» тарихын аз да болса біліп, одан рухани азық алып қайтқаны анық.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях