Қазақ дәстүрге, ырымға, қолөнерге өзінше бай, оның ішінде ұлттық ыдыстарымыз да. Бұрындары ата-бабамыз қолданатын ағаш ыдыстар қазіргі уақытта қайтадан сәнге айналып, дастархан төрінен орын алуда. Әсіресе дастарханымыздан ойып орын алған қазақтың ыдыс-аяғын бүгінде тек қазақтығымыздың белгісі, көркі ғана емес, сондай-ақ кәсіптің көзіне айналдырып отқандар көбеюде. Сондай-жандардың бірі – Алматы облысына қарасты Талғар ауданының тұрғыны Өмірбек Қуанышбекұлы. Қазіргі таңда ол ата кәcібін қайта жандандырып, ағаштан әртүрлі өнімдер шығарып, кәсібін дөңгелетіп отыр, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Зейнет жасына жақындаған уақытта өзінің кәсібін бастауды ниет етіп, тәуекелге барған іскер азамат өмір бойы экономист-бухгалтер болып жұмыс жасаған. Демалысқа шыққан кейін бұрыннан өнерге деген қызығушылыға бар болғандықтан ата кәсіпті қолға алуды шешкен. Осылайша ол 2019 жылы «Атамекен бизнес бастау» арқылы 6 пайыз өсіммен 6 миллион теңге алып, ағаштан астау, кесе жасауды бастаған. Өзінің жеке цехын ашып, 5 жыл бойы дамылсыз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкер мемлекеттен қолдауға берілген қаржыны қайтарып та үлгеріпті. Тіпті кәсібінің алғашқы жылдары пандемияға тура келсе де тоқтатамай, бүгінде сапасы жоғары, халықтың қалтасы көтере алатын дүниелер жасап, өз тұтынушыларын риза етуде.
Ата кәсіпті меңгеріп, кәдімгі ағаштан тамаша дүниелер жасауды қолға алған шебер кейіннен өсімдік әлемін тереңірек зерттей бастаған. Өйткені мұндай ыдыстарды ағаштың кез келген түрінен жасауға болмайды екен. Оның айтуынша, ағаштар қылқан жапырақты, ине жапырақты болып екі түрге бөлінеді. Ине жапырақ ағаштардың шайыры көп және бос болып келеді. Сол себепті бұл ағаштардан үй жиһаздарын немесе ыдыс-аяқ жасауға болмайды. Ал қылқан жапырақты ағаштар ыдыс жасауға таптырмас шикізат. Емен, тал, грек жаңғағының ағашы, қарағаш, қайың, терек сынды ағаштарды көп пайдаланылады. Әсіресе қарағаш өте қатты болғандықтан пайдалануға аса қолайлы. Мейлі қандай түзу ағаш болса да оны кесіп, желіммен жабыстырып құрастырған дұрыс. Сонда ғана пішіні өзгермейді. Ыстық ас салынатын ыдысты сәндеу үшін қолданылатын лактың түріне де қатты мән берген абзал. Ыдыстың жиегі мен сыртын ғана сырлау керек. Ал ортасын қатты қыздырылған күнбағыстың майымен күйдіріп жылтыратқан жөн.
– Шикізатты әртүрлі бағамен алғанымызбен жасалған астаулардың бағасында қатты айырмашылық жоқ. Мысалы, емен ағашының бір кубы 350 мың теңге болғандықтан аз қолданамыз. Ал грек жаңғағының ағашынан йод бөлінетіндіктен денсаулыққа аса пайдалы деп адамдар көптеп сатып алады. Бастысы баға қолжетімді болу керек. Астауларға 8 -12 мың аралығында баға қойылған. Бағаның мұндай парықты болуына оның шикізаты емес, көлемі ықпал етеді. Ал астауларға салынған өрнектердің де өзіндік мәні бар. Қошқар мүйіз өрнегі мал-жаның көп болсын, дәулетің тасысын дегенді білдірсе, енді бірі отбасының береке-бірлігі ортаймасын, ағайын тату болсын дегенді білдіреді», – дейді Өмірбек Қуанышбекұлы.
Жалпы өнімді жасау процесіне келетін болсақ, шебердің айтуынша, бір астаудың өзі станоктан бір жарым сағатта шығады. Ал алғашқы формасы дайын болған астауды өңдеу үшін үш сағатқа жуық уақыт кетеді. Алайда әр еңбек уақыт өте келе өз жемісін көрсететіні белгілі. Басында сатып алушы адам таба алмай абдыраған шебердің кәсібі таныс-білістер арқылы таралып, оның астаулар бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізіледі.
Ата кәсіпті үйретіп, ағаш шебері атануына ықпал еткен ұстазы Тоғайбай Нұрмұратұлы кейіпкерімізге кем дегенде үш шәкірт тәрбиелеуің керек деп міндеттеген екен. Себебі ата-бабамыздан қалған асыл өнерді өзімізді жетік білмеуіміз ұят деп кеңес беріпті. Сөзінің жаны бар, Қытай сынды мемлекеттерден арзанқол ағаш ыдыстар нарықты жаулап тұрғаны шындық. «Ұстаздан шәкірт озыпты» дегендей Өмірбек Қуанышұлы өзінен тәлім алған азаматтардың астау ғана емес, үй жиһаздарын, киіз үйдің қаңқасын жасап, қомақты табыс тауып отыр.
«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демекші, айына 150 астауға дейін сататын шебердің тәжірибесі де молайып, табысы да артқан. Шебердің айтуынша, қарапайым болып көрінетін ағаш ыдыстардың экологиялық тазалық, емдік, азық-түлікті сақтау, жоғары сапа, жақсы үйлесімділік сынды ерекше қасиеттері бар. Тіпті бұрындары ағаш ыдыстан ас ішкен ата-бабаларымыздың жаны таза, дені сау болғаны белгілі. Сондықтан да мұндай өнер тек табыс көзі ғана емес, тәрбиенің бастауы, денсаулық кепілі десек артық болмас. Өмірбек шеберге тек сәттілік тілейміз!