Кеше 15 сағат 34 минутта Қарасай ауданына қарасты «К-30» көлінде балық аулауға шыққан екі азамат мұздың жарылуына байланысты суға түсіп кеткені жайлы Қаскелең қаласының нөмірі 9 ӨСБ-не хабар келіп түскен болатын. Дер кезінде құтқаруға шыққан аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен полиция басқармасының, республикалық жедел-құтқару және жедел жәрдем қызметінің мамандары екі адамның өмірін арашалады. Зардап шеккен азаматтардың бірі 1988, ал екіншісі 1994 жылғы екені анықталып, аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің хабарлауынша, ауа-райының жылынуына байланысты өңірдегі барлық өзен, көлдерде мұз қалындығының жұқарғаны байқалған. Сондықтан да, құзырлы орган өкілдері азаматтарды қауіпсіздік шараларын қатаң ұстанып, барынша абай болуына шақырады.