Қазақ театр және кино өнері орны толмас қазаға ұшырады. М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының актрисасы ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінабиева өмірден озды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Қаралы хабарды Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды Instagram-дағы парақшасында жазды.
«Соңғы рет телефон соғып жылы сөздерін айтып, біраз сырласып едік. Әрдәйым ақылын айтып жүретін асыл апамыз еді. Қайтеміз енді. Өмір жалған деген осы. Қайғыра көңіл айтамын»,- деп жазды ол.
Ғазиза Әбдінәбиева 1948 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Қазақ ұлттық консерваториясының (бұрынғы Алматы консерваториясы) «актерлік шеберлік» факультетін бітірген. 1969 жылы Ғ.Мүсіріепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады. 1969-1993 жылдары осы театрда аянбай еңбек етті. 1993 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына актерлік бөліміне ауысады. Консерваторияның 4-курсында оқып жүріп, 1969 жылы Ғ.Мүсіріепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады. 1994 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «актерлік шеберлік» мамандығынан дәріс оқиды.
Оның кино саласында сомдаған рөлдері: 1977 — «Нан» – Жамал (реж. А. Тәжібаев) 1982 — «Қауын» – бас кейіпкердің зайыбы (реж. В. Пұсырманов), 1990 — «Қыз жылаған» – Әсия (реж. С. Нарымбетов), «Жел адам» – ауыл тұрғыны, 2009 — Сіз кімсіз, К мырза?» – жолсерік (реж. Қ. Ахметов), 2009 — «Біржан сал» – Бүрме әже (реж. Д. Жолжақсынов), 2011 — «Айналайын» – Сәлима (реж. А. Сатаев); 1996-2000 — Тоғысқан тағдырлар (Роза) 2001-2003 — Саранша (Марго) 2002 — Ләйләнің зары 2007 — Однажды в багажнике — Женщина на вокзале 2008 — Откройте дверь, я счастье 2012-2013 — «25 км» Қарлығаш (реж. И.Пискунов) 2012-2013 — «Домашние войны» Әже (реж. А.Кирюшенко) 2014 — Кемпір» Күлпәш (реж. Е.Тұрсынов) 2015 — Зауал» Әже (реж. Ж.Айбасов) 2015 — «Побег из аула» Тетя героя (реж. Н.Адамбаев).