Қазақстанның Қарулы күштері коронавирус инфекциясымен күрес шараларына жұмылдырылды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Әскери дәрігерлер дайындықтан өтіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінен пәрмен келсе, дәрігерлер мен мейіргерлердің арнайы тобын бөлуге дайын. Бүгінде еңбек демалысындағы және іс-сапардағы барлық медицина қызметкерлер шақыртылды.
Әскери госпитальда 250 орын дайын тұр. Мұнда инфекция жұқтырғандарды емдеуге және олармен байланыста болғандарды оқшаулауға қажеттінің бәрі бар. Бөлек бокс медициналық қондырғылармен жабдықталған.
– Қазіргі кезде біздің инфекциялық бөлімшеде екі изолятор, екі кереуеттік екі изолятор, 4 науқасқа арналған изолятор сақадай сай деп айтуға болады. Күнделікті медициналық бақылауда болады. Күніне екі рет термометрия жүргізіледі. Егер науқастың денсаулығына шағымы болмаса, біздің бақылауымызда болып, 14 күннен кейін осы жерден шығарылады, – дейді бас әскери клиникалық госпиталь бастығының орынбасары Бек Мұңқыбаев.
Сондай-ақ, жансақтау бөлімшесіне де қажетті құрылғылар қойылған. Орынбасардың айтуынша, бас әскери клиникалық госпитальдың 8-і кереуеттік. Әр кереуеттің басында өзіне арналған заманауи ИВЛ атты тыныс аппараттары бар. Бұл жерде 4 науқас бір мезгілде ем қабылдайды.
Қорғаныс министрлігінің әскери госпитальдары мен лазареттері карантиндік оқшаулауға дайын тұр.
Бұған қоса, тағы 5 әскери медициналық бөлімшені жасақтауға мүмкіндік бар. Ал, әскери дәрігерлер қайта оқытылып, қауіпті індетті емдеу әдістерін меңгеріп жатыр.