Наурыз мейрамын тойлады

Наурыз мейрамын тойлады

Ұлыстың ұлы күнін қарасайлықтар биыл да жылдағыдай ерекше ынта-ықыласпен, береке-бірлікпен атап өтті. Бір айта кетерлігі, мереке ізгі шарамен басталып, жыл басындағы жақсылыққа жиналғандар кезекті рет көз жеткізді. Яғни, белгілі меценат, өнер мен мәдениет жанашыры Болат Назарбаев нағыз азаматқа тән жомарттық танытып, үлкен өнегенің үлгісін көрсетті. Атап айтқанда, «Үшқоңыр» этнографиялық-фольклорлық  ән-би ансамблінің әншісі Айсәуле Қайырғазинаға Қаскелең қаласындағы жаңадан бой көтеріп, құлашын кеңге жайып келе жатқан «Қарлығаш» ықшам ауданынан екі бөлмелі пәтер сыйлады. Ата-анасыз өсіп, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын бітірген жас әншіге Наурыз мейрамында осындай үлкен тарту жасаған меценат қазақ өнерінің өрістеуіне өзіндік үлесін қосып жүргені үшін алғысын айтып, ізгі тілегін білдірді. Өз кезегінде үлкен арманына қол жеткізген бойжеткен жомарт жанның кең пейіліне шексіз ризашылығын жеткізді. Қоғам қайраткерінің былтыр да Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жерге туыңды тік» жобасы бойынша, мұқтаж жандарға Үшқоңыр ауылынан 17 үй салып бергені ел есінен кеткен жоқ. Қарасай ауданының мәдениет саласындағы осындай жақсы жаңалықтың ортасында аудан басшысы Махаббат Бигелдиев те болып, өнерпаздардың қуанышына ортақтасты.

Ал, Қаскелең қаласындағы орталық алаңда мерекеге орай салтанатты жиын ұйымдастырылып ашық аспан астында ұзындығы 300 метрлік ақ дастархан жайылды. Мемлекеттік мекеме ұжымдары мен аудандағы ірі компаниялардың күшімен 3000 литр наурыз көже әзірленіп, 300 келі палау пісірілді. Молшылық пен тоқшылықтың символы болып табылатын ерекше астан тойғанша дәм татқан көпшілік алаңға орнатылған алып сахна төңірегіне жиналып, аудан өнерпаздарының тартымды концерттік бағдарламасын да тамашалады.

Құттықтау сөз сөйлеу үшін ортаға шыққан аудан әкімі Махаббат Бигелдиев жыл басы саналатын Наурызды жалпы қазақ елі толайым табыстармен қарсы алып отырғанын, Қарасай ауданының жұртшылығы да ынтымақ пен бірліктің арқасында, қай салада да межелі көрсеткіштерге қол жеткізе алғанын тілге тиек етті. Жиналғандарға күн мен түн теңелген, айнала ізгілікке бөленген Ұлыстың ұлы күніне орай жақсы тілегін жолдады.

Мұнан соң қаз-қатар тігілген шатырларды аралап дәм татып, этно-мәдени орталықтардың ұлттық салт-дәстүрі мен өнеріне назар салды.

Бұл күні мереке аясында алтыбақан қүрылып, түрлі спорттық сайыстар да ұйымдастырылды. Ниет білдірушілер тоғызқұмалақ, зіл тас көтеру, қол күрестіру, арқан тарту, асық ату, қазақ күресі, үстел теннисі сияқты бәсекелерде бақ сынап, жеңімпаздар түрлі сыйлықтарды еншілеп, грамоталармен марапатталды. Солардың арасында көпшіліктің қызығушылығын туғызғаны жүлдеге тігілген үлкен қошқарды көтеру болды. Өз күшіне сенген қаншама жігіт ортаға шығып, салмағы 70 келі шамасындағы ұсақ малды иығына салып бірнеше рет отырып-тұрудан бірінен-бірі асып түсуге тырысты. Алайда, «Кіл күштіден кім күшті?» дейтіндей, алып қошқар 30 рет көтере алған қошмамбеттік жігіт Халмурат Маметовтың қанжығасында кетті.

Осылайша, қарасайлықтар ашық аспан астындағы ұлық мейрамнан ұмытылмас әсермен тарқасты.

 

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях