Кеше Елбасының мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездескені белгілі.
Оның барысында мемлекет басшысына қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандарттарының жаңа жобасы ұсынылды.
Президент кездесуде қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны талқылаған барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тіл танушыларға алғыс айтты.
Бүгін аудандық орталық кітапханада, аудандық «Қазақ тілі» қоғамы мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен, латын әліпбиіне көшуге арналған жиын өтті.
Аудан мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысқан бас қосуды аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы ашып, баяндама жасады.
Жиында республика білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, аудандық тілдерді дамыту орталығының басшысы Жанар Оразалиева, аудандық музейдің директоры Серік Қалиев, Шамалған ауылындағы Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Нұршайым Қоспаева, Жамбыл ауылындағы №2 орта мектептің мұғалімі Гүлжанат Дәулет, Ж.Бәрібаев атындағы орта мектептің мұғалімі Айдана Қараева, 1 Май орта мектебінің мұғалімі Мақпал Жолбасынова және т.б. сөйлеп, бұл рухани жаңғыруға байланысты реформаның уақыты жеткенін, сондықтан мұндай өзгерісті толық қолдап-қоштайтындықтарын атап айтып, осы орайдағы кейбір мәселелерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды