Соңғы уақытта мобильді ақша аударымдарға қатысты түрлі қауесет, жалған ақпарат, дәйексіз пікірлер көп тарауда. Халықтың арасында осындай ойдың қалыптасуына жақында ғана Парламентте қаралған заң жобасы түрткі болған еді. Яғни, онда Салық кодексіне бизнес үшін мобильді төлемдерді реттеу туралы өзгерістер ғана негізге алынған.
Осыдан кейін халыққа қолайлы болып кеткен «Kaspi GOLD» арқылы ақша қабылдайтын дүкен сатушылары, такси қызметін ұсынатындар және тағы басқа кәсіпке жақын жандар тек қолма қол төлемді талап ететін болды. Өйткені, олар өздеріне салық салынып, тапқан нәпақадан қағыламыз деп ойлады. Негізінде мүлдем олай емес. Осы ретте Kaspi.kz сайтының берген мәлімдемесін ескере отырып, көптің талқылауында болған бірқатар мәселелерге түсінік беруді жөн санадық.
Егер Сіз жеке тұлға болып, мобильді ақша аударымыңыз жайлы салық органына ақпарат беріледі деп ойласаңыз, онда мүлдем қателесесіз. Банк құпиясын сақтау талаптарына байланысты Сіздің қаражат аударымыңыз жайлы деректер салық органдарына жария етілмейді. Әдеттегідей жеке мақсатыңыз үшін ақша аударып қана қоймай, қабылдауыңызға да болады. Осы ретте айта кету керек, жалпыға бірдей декларациялауды кезеңмен енгізу туралы заңға сәйкес, кәсіпкерлік қызметті жүргізу белгілерінің бары туралы мәліметтер тек 2025 жылдан бастап берілетіні көзделуде. Яғни, 2025 жылға дейін жеке кәсіпкер емес және мемлекеттік қызметші емес жеке тұлғалар үшін ештеңе өзгермейді. Одан кейін мобильді ақша аударымына шектеу қойылмайды. Салық та салынбайды. Жаңа Заң жобасында мұндай өзгерістер қарастырылмаған.
Сонымен ел арасында тарап кеткен заң жобасы қандай? Осыған қысқаша тоқтала кетсек. Анығын айтқанда, бұл бастама жеке тұлғалардың арасындағы мобильді ақша аударымына қатысты емес. Тек қана мобильді төлемдер ұғымын және жеке кәсіпкер мен заңды тұлғаларға арналған тауарлар немесе қызмет көрсету үшін ақыны арнайы шоттарға қабылдау міндетін енгізу көзделіп отыр.
Мысалы, мұны тауарлар мен қызмет көрсету үшін ақы қабылдауға «Kaspi Pay» мобильді қосымшасы мен «Kaspi QR»-дың көмегімен қазірдің өзінде жасауға болады.
Расымен де, Үкімет тарапы бизнес салығын қадағалаймыз дегелі осы салада еңбек ететіндердің алаңдаушылықтары қатты байқалды. Елдегі билік бұл іске бей-жай қарап отырған жоқ. Олардың мәлімдеуінше, кәсіп иелері тауар сатылымы және ұсынылған қызмет үшін төлемді мобильді аударым арқылы қабылдаса, салықтан жалтарып кетуі мүмкін.
Көптің көңілін аудартқан ақша аударымына қатысты ақпараттың растығы осындай. Бұдан былай кәсіпке қатысы жоқ адамдар еш алаңсыз қаражаттарын онлайн түрде жібере алады. Ал, көлеңкелі кәсіппен айналысып, мобильді аударым арқылы төлем қабылдағандар қатаң бақылауда болады.