Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан қолдау бағдарламаларының арқасында Алматы облысында ауыл шаруашылығы көрсеткіштерінің өсу қарқынының тұрақты динамикасы қалыптасып келеді. Оның дамуында еліміздің барлық өңірінде іске асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асуы да маңызды рөл атқаруда. Қазақстандық ауыл еңбеккерлерінің өз жобаларын шағын инвестициямен дамытуға мүмкіндік беріп отырған бастама Ұйғыр ауданында тиімді жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Айта кетейік, аталмыш бағдарлама бойынша қатысушыларға шағын несие жалпы бес жылға, ал мал шаруашылығы жобаларына жеті жылға дейін беріледі. Кәсіпкерлер ала алатын ең жоғары сома – сегіз миллион теңге. Кооперацияны дамыту үшін жылына 2,5 пайызбен 27 миллион теңгеге дейін қарастырылған.
Ұйғыр ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Фархат Ахмуллаевтың айтуынша, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 200-ден астам адам бір млрд теңге несие алуға өтініш білдірген. Бүгінгі күнге дейін 159 кәсіпкердің құжаты тексеріліп, қанағаттандырылған, ал 118 адам қаржыландырылды.
Олардың негізгі бөлігі мал шаруашылығына, аңығырақ айтқанда, 14-і шағын және орта бизнеске инвестиция құйса, бес өндірістік кооператив мал мен ауыл шаруашылығына қажетті техника сатып алған.
Жалпы, жоғарыда аталған бағдарлама ауданда 15 кооперативтің ашылуына септігін тигізген және де оның 11-іне агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында жеңілдетілген несие түрінде қаржылық қолдау алуына мүмкіндік берген. Ал қазіргі уақытта ауданға қарасты ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесе отырып, 25 елді мекенді несиелендірудің перспективалық бағыттары бекіттілген.
Ұйғыр өлкесінің еңбекшілері ауыл шаруашылығының барлық саласы мен шағын кәсіпкерлікті дамытуды жалғастырып, мемлекеттік қолдау құралдарын агроөнеркәсіптік салада нақты серпіліске қол жеткізуде. Ет, сүт шығару, астықты өңдеу, жылыжай шаруашылығы сияқты салаларын дамытып отыр.
Осылайша «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асуы аудандағы кәсіпорындар дамып, жергілікті тұрғындардың табысының артуына және де аудан экономикасының өсуіне септігі тиюде.