Коронавирус індетінің таралуын алдын алу үшін Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің өткен аптадағы, яғни, №8 қаулысына сәйкес, Қарасай ауданы бойынша алдағы сенбі-жексенбі күндері карантиндік режим қайта күшейтіліп, кейбір шектеу шаралары енгізіледі, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.
Алдағы демалыс күндері ашық, жабық, азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, сауналардың, СПА-орталықтардың, бассейндердің жұмыс істеуіне тыйым салынады.
Дәл сол сияқты аудан аумағында орналасқан төмендегі қызметтердің жұмыс істеуіне де рұқсат етілмейді:
- толтырылуы 50%-дан жоғары, оның ішінде залдарда 30 орыннан жоғары қоғамдық тамақтану орындары мен банкет залдарға;
- барлық меншік нысанындағы мектепке дейінгі ұйымдарға (15 адамнан аспайтын кезекші топтарды қоспағанда);
- балалардың сауықтыру лагерлеріне, ойын-сауық орталықтарына (ойын алаңдары); аттракциондарға;
- ойын-сауық нысандарға (түнгі клуб, кальян, букмекерлік кеңсе, караоке, PS-клуб; боулинг-орталықтар, компьютерлік, лото клубтар, цирктер, бильярд залдары);
- облысаралық/қалааралық/ауданаралық туристік тасымалдау қозғалысына;
- республикалық, облыстық, аудандық спорттық шараларды;
- білім беру орталықтарынан басқа, секциялар мен үйірмелерге;
- мәдениет нысандарына (мұражайлар, мәдениет үйлері, концерт залдары және т.б.)
- қашықтан оқыту нысанын қоспағанда, техникалық және кәсіптік, орта және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының дәстүрлі форматта оқытуына;
Жоғарыда атап өтілген шектеулерден бөлек, 65 жастан асқан тұрғындардың көшеде жүруіне және кеңестік отырыстарды жаппай өткізуге тыйым салынады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) 9:00-ден 15:00-ге дейін аралықта алдын ала брондау бойынша онлайн форматта қызмет көрсетеді. Кезекке тұру «egov.kz» сайты, «EgovKZBot2.0» телеграмм-бот және «1414» call-орталықтары арқылы жүзеге асырылады.
Аудан ішінде қоғамдық көліктер тоқтатылмайды. Олардың жұмыс уақыты 23:00-ге дейін ұзартылады.