Белгілі ақын, қарасайлық Исраил Сапарбай ұлы ақын Абайға арналған жыр мүшәйрасында І орынға ие болды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, Алматы облысы әкімінің қолдауымен және Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен қаңтар мен наурыз айлары аралығында «Абайға арнау» атты облыстық жыр мүшәйрасы жарияланған болатын. Жыр додасның ережесі бойынша Жетісу өңірінен 200-ге тарта ақын-жазушы қатысып, бақтарын сынады. Қаламгерлердің арасынан І орынды ауданымыздың мақтанышы, белгілі ақын драматург, аудармашы, сазгер Исраил Сапарбай жеңіп алды.
Жалпы қазақтың бас ақыны Абайды насихаттау жолында түрлі іс-шаралар республика көлемінде ұйымдастырылуда. Солардың бірі жақында Талдықорған қаласында «Жетісу кітапханасы» сериясы бойынша «Адамзаттың Абайы» атты жыр-жинағының тұсаукесері өтті. Ал, бұл жинаққа Қарасай ауданынан қатысушы ретінде айтыскер ақын Сырым Әуезхан мен жас ақын Санимай Уракбаеваның «Абайға арнау» атты шығармалары енгізілді.