Кәсіби әнші, байыпты басшы, өңіріміздің мәдениет саласында өзіндік орны бар Қ.Абдуллаеваның «Қалбибі» өнер студиясында ондаған дарынды жас өрендер бас қосып, бойларындағы бар қабілеттерін шыңдап, жан-жақты жетіле түсуде. Әсіресе, өткен мамыр айының өзінде осы вокал мектебінің шәкірттері бірнеше ауқымды байқауларда бақ сынап, ұстаздары мен ата-аналарының ғана емес, жалпы жерлестерінің мерейін өсіріп отыр.
Атап айтқанда, Алматыдағы мыңға жуық конкурсант қатысқан «Бала дауысында» Нұрлыбек Сапарбай үздік шығып, күзде бастау алатын үлкен жоба «Жұлдызды үйге» жолдама алса, алты жасар Әбілхайыр Жұмабай «Жеңімпаз» номинациясына ие болған. Бұл ретте жалпы бөлінген төрт жүлделі орынның екеуін қарасайлық кішкентай өнерпаздар, яғни, Қалбибі Абдуллаеваның шәкірттері ұтып алғанын ерекше атап кеткен жөн.
Сондай-ақ, 6 және 16 жас аралығындағы қатысушыларды жинаған «Ұлы дала әуендері» мен Майра Ілиясованың продюссерлік орталығы ұйымдастырған «Жұлдыз болғың келсе…» атты республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер байқаулары да бар. Оның алғашқысына барған бес шәкіртінің барлығы да лауреат атанса, екіншісінде әпкелі-інілі Мадина мен Әбілхайыр Жұмабай, Жанат Еркежан, Нұрлыбек Сапарбай, Шыңғысхан Амангелді жас ерекшеліктері бойынша Бас жүлдеге, ал, жеті жасар Ибраим Карсылиев І орынға қол жеткізді. Бұдан бөлек, шетелден де үміткерлер келіп бақ сынаған, еліміздің танымал өнер майталмандары қазылық еткен «Бозторғай» халықаралық конкурсында да осы вокал мектебінің үздіктері сынға түсіп, Н.Сапарбай І орынды, Мадина мен Әбілхайыр Жұмабайлар ІІ орынды жеңіп алғаны өте қуанышты жайт.