«Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

«Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялған еді. Техникалық мамандарды қолдап, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Отбасы банкі «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды қолға алды. Оған өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларының қызметкерлері қатыса алады, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.

Аталған бағдарлама 2024 жылы іске қосылған алғашында 20 %, кейіннен 10 % жарнамен тұрғын үй алуға болатын «Наурыз» бағдарламасының бір бөлігі болмақ.
«Отбасы банкі» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Ерболат Едігеевтің мәліметіне сүйенсек, жаңа бастама аясында ағымдағы жылы жұмысшы мамандықтары өкілдеріне 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланған.
Бірінші және екінші нарықтағы пәтерлерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни егер де үміткер бірінші нарықтағы әрленген дайын пәтерді сатып алғысы келсе, 10 пайыздық алғашқы жарнасы болуы қажет. Ал егер әрленбеген жаңадан салынған үй немесе қайталама нарықтан сатып алу жоспары болса, 20 пайыздық жарнасы болуы шарт.
Ипотека әлеуметтік осал санатқа жататындарға жеті пайызбен (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін), басқа санаттағылар үшін тоғыз пайыздық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен беріледі. Несие көлеміне қатысты шектеу бар. Анығырақ айтқанда, несиенің ең жоғары сомасы облыстардағы тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға 30 млн теңге, ал Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге деп белгіленген.
Жоспарға сәйкес, бағдарламаға қатысқысы келетіндердің өтінімдерін қабылдау жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айының 17-сі басталатын болады.

Оставить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях