Егемен еліміздің жарқын болашағы еңсесі биік, елдік ұстанымы берік талапты жастардың қолында. Яғни, білімпаз ұрпақ, талапты түлектерге артылар үміт те үлкен. Кеше осындай, қатарластарының алды болып, мектепті үздік аяқтаған «Алтын белгі» мен түрлі байрақты білім бәсекелерінде дара шыққан халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарын аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы Бигелдиев арнайы марапаттады.
Жүздерінде қуаныш пен толқыныс қатар тұнған түлектер жасана киініп, өздеріне жарасымды жастық жалын-жігермен ортаға шыққанда, балалық шақтан үлкен болашаққа аттанғалы тұрған перзентін көрген ата-ананың да, он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан шәкіртін шығарып салу үстіндегі ұстаздардың да жүрегін тебіреніс билегені анық.
Алғашқы құттықтау сөз кезегін алған Махаббат Садуақасұлы Мәңгілік Елдің саналы да тәрбиелі жастарын дайындауға қазыналы Қарасай жері де өзіндік үлес қосып жатқанын, биылғы оқу жылында 33 оқушы «Алтын белгі», 64 оқушы «Үздік аттестат» иегері, екі бала халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанып аудан абыройын асқақтата түскенін тілге тиек етті. Үлкен үміт пен нық сенім игілікті ертеңге жетелейтінін айтқан аудан басшысы түлектерге ақ жол тілеп, әрқайсысының да елі үшін ерінбей еңбек ететін, мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлес қосатын азамат болатындықтарына сенім артатынын жеткізді. Мұнан кейін Махаббат Садуақасұлы кеш иелерін кезек-кезек сахна төрінде марапаттап, сый-сияпатын ұсынды. Әсерлі күннің айғағы ретінде барлығы естелікке суретке түсті.
Сонымен қатар, мектеп бітірушілерге деген ыстық ықыласын Қарасай ауданының білім беру корпоративтік қорының атқарушы директоры Еркін Исраилов та білдіріп, оларға ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы қорынан сыйлықтар тарту етті. Айтылған ақ тілектерді ата-аналар атынан ортаға шыққан Жангелді Ембергенов та жалғай түсіп, балалар үшін елеулі еңбек сіңірген ұстаздар қауымына үлкен алғысын арнады. Ал, түлектер тарапынан сөз алған «Алтын белгі» иегері Диана Мұратбекова болса, өзінің Президент оқыған киелі қара шаңырақтан білім нәрімен сусындап, болашаққа нық сеніммен аяқ басқалы тұрғандығын мақтан ететіндігін әңгімелеп, қатарластары атынан артылған сенім үдесінен шығатындықтарына сендірді.
«Қалбибі өнер студиясының» шәкірттері әсем әнмен өрнектеген салтанатты жиын түлектердің тебірене билеген қоштасу вальсімен түйінделді. Соңынан барлығы бірігіп, түрлі-түсті шарларды аспанға ұшырды. Сөйтіп, тағы да бір буын көңілдегі мол арманмен алдыларынан тосып тұрған өмір жолына аяқ басты…
Атаулы шара аудан мектептеріндегі бітіруші түлектерге арналған мерекелік кешке ұласты.