Жан дүниесі қазақы келін

Жан дүниесі қазақы келін

Бүгінде елімізде тал бойына қазаққа тән қасиеттерді сіңіріп қана қоймай, жұртымызға келін болып жүрген өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың бірі – ауданымыздағы Райымбек ауылының тұрғыны Светлана Жұмағұлова.  Көктемнің шуақты күндерімен бірге келетін бүгін Алғыс айту күні қарсаңында қазаққа келін болған орыс қызымен аз-кем әңгімеге тарттық, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Ол ана тілімізде бар ойын еркін жеткізіп қана қоймай, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да бір кісідей меңгеріп алған. Осындай қасиеттерінің арқасында бір шаңырақтың берекесін келтіріп, қазақ отбасының бір мүшесіне айналып   отыр. Жолдасы Дінәсіл Жұмәділовпен 1984 жылы шаңырақ көтеріпті. Екеуі жанұя болып отасқан кейін тілегіміз ғана емес, дінімізде бір болсын деп Светлана апайымыз мұсылман дінін қабылдапты. Жолдасымен  некелерін шариғат жолымен мешітте қидырып, атын Сәлима деп те өзгерткен екен. Құжаттарында сол орысша есімімен қалғанымен, қайын жұрты үшін нұрын шашқан, сән берген Сәлимаға айналған.  Ғұмырлық серігі Дінәсіл ағамыз екеуі өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде аянбай еңбек етуде десек, қателесе қоймаспыз. Ұлағатты жанұя үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда бес бірдей бүлдіршінге ата апа атанып отырған жайлары бар. Уақыт өте келе Сәлима Жұмағұлова білімін жетілдіріп, «бухгалтер» мамандығын тәмамдаған. Бүгінде «Айдар» тазалық ұйымында есепші қызметінде істейді.  Айта кету керек, Сәлима жеңгеміздің жан жары  Дінәсіл Құрманқұлұлы  Ауған соғысының ардагері.  Отан алдындағы әскери міндетін өтеуге барып, ауғаннның бұр-сарқ қойнаған соғысының қақ ортасына түсіп, ол жақтан  аман оралған соң  Райымбек ауылындағы совховда мал шаруашылығымен  айналысады. Ал, Сәлима жеңгеміз болса Алматыдан сол жерге сауыншы болып жұмыс істеуге  келеді.

– Әрине, Қазақстанда туып, өссем де, дәл осы елдің азаматымен шаңырақ көтерем деп кім ойлаған?! Бұл тағдырдың бұйрығы ғой. Екеуміз  бірге жұмыс істедік.  Осы таныстықтың арты үлкен сезімге ұласып, қазір бір үйдің адамы болып отырмыз. Қазақтың арыстай азаматы келіп, көңілін білдіргенде біраз толқығаным рас. Қазақ келіні болу дегеніміз үлкен жауапкершілікті қажет етеді.    Ұлтым орыс болса да жарым деп жүрегін ұсынған азаматтың еліне, тіліне, салтына үлкен құрметпен қараймын. Босағадан аттағалы бері басымнан орамал тастаған емеспін. Ұлттық салт-дәстүрді құрметтеймін. Қазір осындай асыл қасиеттерді балаларымның да санасына сіңіріп жатырмын,  – дейді жеңгеміз  бізбен әңгімелескенде.

Ол отбасында әр мерекені атап өтуге ерекше мән береді. Әсіресе, Ораза, Құрбан айт, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін бұл отбасы айрықша атап, айналасын шаттыққа бөлесе, Масленница, Пасха секілді христиан күнтізбесіндегі мерекелерде өз туған-туыстарын телефон арқылы қоңырау шалып құттықтауды ұмыт қалдырмайды.

– Нәтижесі, мінеки, өзіңіз көріп отырғаныңыздай, бүгінде қазақтың келінімін. Қазақтың суын ішіп, нанын жеп келемін. Осыған дейін бұл ұлтпен жаным бір болса, ендігі жерде қаным да бір болмақ. Қазақтың дархандығына, кеңдігіне, баурымалдығына жер бетінде ешбір ел жетпейді. Еш жатсынбастан өз отбасына құшақ жая қарсы алған  ата-енеме, жалпы, қазақ халқының кең пейілін көңіліне алғысым шексіз.  Осынау мерекеде барша қазақстандықтарды, отандастарымды, аудан тұрғындарын  шын жүректен құттықтаймын. Бір-бірімізге деген ықылас-ниетіміз ортаймасын.

 

 

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях