ҚР Президенті: Басты назар халықтың әл-ауқатын арттыру

ҚР Президенті: Басты назар халықтың әл-ауқатын арттыру

Sorry, this entry is only available in Орыс Тілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшыларын жинап, осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Бағаналы бас ордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен келелі кеңес өтті. Президент үш бірдей мегаполис басшысы мен аймақ әкімдерін жинап, түйіні тарқамай жатқан түйткілдерді талқыға салды. Қасым-Жомарт Тоқаев «әуелі бюджетті қалыптастыруды қайта қарастыру қажет», – деді. Ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін айтты. Сондай-ақ қажетсіз шығындарды күрт қысқартуды тапсырды.

Басымдық бұқараға берілуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев табысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің айлық ақысын 1 маусымнан бастап көтеру керектігін айтты. Елдің тұрмысын тіктеу үшін әуелі баспанамен қамту қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы жағдайы жұтаң отбасыларға жалдамалы пәтер беруді мамыр айынан бастауды жүктеді.

Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер беру мәселесін жылдамдату керек. Әкімдер арендалық үйлерді мамыр айынан бастап қолданысқа беруді бастасын. Біз әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсартуға атсалысуымыз керек. Жарық пен жылу, газ бен су мәселесін шешуіміз қажет. Жол салу да бар. Осы жұмыстардың барлығы Үкімет пен аймақ басшыларының негізгі міндеті. Бұл түйткілдерді шешу үшін «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары жүзеге асып жатыр. Оларды кемеріне келтіру үшін алдағы 3 жылда бюджеттен 1 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінеді.  Алыстағы ағеділ ағайынның мұң-мұқтажы да қағажу қалмайды. Әсіресе кеңезесі кепкен жұрттың мәселесі бірінші кезекте қаралады. Мемлекет басшысы аймақ әкімдеріне ауызсу мәселесін дереу шешуді тапсырды. Апшыны қуыратын аптап ыстықта мұқым ел ішерге су таппай сенделмеуі керек.

Мемлекет басшысы өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте үштілділік бағдарламасына қатысты жеке пікірін білдірді. Тоғыз тілді меңгерген Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі қазақ тілін жете дамыту керектігін айтты. Орыс тілі де қаперде болуы қажет. Содан кейін ғана ағылшын тілін меңгереміз. Ысырапшылдықтан ада болуды ескерткен Қасым-Жомарт Тоқаев «болмашы жобаларға ақша шашудың қажеті жоқ», – деді. Бюджет қаржысы елдің әл-ауқатын арттыруға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған істерге бөлінуі тиіс. Әсіресе кен орындары жіті назарда болуы керек.
Жиын соңында Мемлекет басшысы жауаптыларға жүктелген міндет тиянақты орындалу керектігін тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларына басымдық берілетінін айтты. Басты міндет – халықтың жағдайын жақсартып, толайым табысқа кенелту.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях