Оқу үздіктері – Елбасының жолымен

Оқу үздіктері – Елбасының жолымен

Ауданның үздік оқушылары Елбасының сыныптастарымен кездесті, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Республикалық «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы» жобасы аясында жүзеге асатын іс-шаралардың легі біздің ауданда да атқарылып келеді. Бүгін осы бастамаға орай аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Оқу  үздіктері – Тұңғыш Президент жолымен» атты тағылымды жиын өткенін айтуға болады.

Кездесу кешіне Елбасының сыныптастары арнайы шақырылып, түрлі салада жетістіктер мен үздік нәтижеге жетіп жүрген аудан оқушыларымен ашық әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, бұл жиынға аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы С.Мәсімақынов, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы С.Жылқыбаев және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Айтжанов та құрметті қонақтардың қатарынан табылды.

Алдымен қадірменді меймандар колледж студенттерінің флешмобын тамашалап, кейін дөңгелек үстел барысында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының сыныптастары Елбасымен өткен қызықтары жайлы естеліктерімен бөлісті. Сондай сәттердің бірін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіген Жүнісбеков айтса, кейін Кеңесбай Байбосынов, Жомарт Сексенбаев, Андаш Қаражанов, Рая Сиразитдинова сынды ата-апаларымыз Елбасының мектеп қабырғасындағы көсбасшылық қырларын тілге тиек етті.

Жиын барысында қарияларға арналған концерттік бағдарлама аясында  «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамбль әншілерінің орындауында Елбасы мен оның туған жеріне қатысты әндер шырқалды. Ал, сан салада үздік атанып жүрген оқушылар өздерінің жеткен жетістіктерін мақтанышпен айтып, қонақтарға өз өнерлерін тарту етті.

Тағылымы мол іс-шараның соңында аудан мақтаныштары атанған озат оқушыларға түрлі сыйлықтар тарту етіліп, «JS» тобының орындаудағы «Қазақстан» атты рухты әні шырқалды.

Оставить комментарий

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Что будем искать? Например,Человек

Мы в социальных сетях